Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 29.11.2021

Тәулік тынысы 29.11.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден басталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Әңгіме барысында Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Бас директорға еліміздің пандемияға қарсы іс-қимылдар жөнінде қабылдап жатқан шаралары, оның ішінде қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы әзірлеген препараттары мен халыққа жаппай вакцина салу жұмыстарының жүргізілу барысы туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Андханом Гебрейесуспен бұған дейінгі кездесулерін еске ала отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның сенімді әріптесі екенін атап өтті. «Біз Сіздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Қазір коронавирустің жаңа штаммы — «Омикрон» анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз кере» — деді Президент.

*****

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске екінші жаңа QazCoVac-P вакцинасы туралы айтты. Аталған препарат клиникалық зерттеулер фазасына кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Президент қазақстандық вакцинаға қолдау көрсеткені үшін ДДСҰ басшысына алғыс айтты. Мемлекет басшысы ДДСҰ-ның вакцинаға тең құқықты және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылысын толық қолдайтынын атап өтіп, қазақстандық вакцинаны мұқтаж елдердің бәріне ұсынуға дайын екенін айтты. Кездесуде халықтың денсаулығын жақсарту үшін халықаралық күш-жігерді жұмылдыру қажет екені айтылды. Осы ретте Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесіндегі екі маңызды – алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметпен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру туралы ұсынысын жеткізді. Тедрос Андханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың ДДСҰ-ның мақсаттары мен іс-қимылдарына, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға байланысты бастамаларына бейілділігі үшін қолдау білдірді. Ұйымның Бас директоры Президентке өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, вирустың жаңа штамдары және пандемияның одан әрі өршу сценариіне қатысты болжамдар туралы мәлімет берді. Тедрос Андханом Гебрейесус өлімге соқтыратын аса қауіпті індетпен күресте вакцина салудың аса маңызды екенін атап өтті.

*****

Қазақстанда коронавирустың омикрон деп аталатын жаңа штамының пайда болу қаупі бар. Бұл туралы Алматы қаласы бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Маманның айтуынша, бұрын анықталған барлық COVID-19 қоздырғыштары адамнан адамға ауа тамшылары арқылы тарайды. Ал соңғы кездері әлем елдері арасында әуе қатынасы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Бұл - инфекцияның біздің елге келуіне жанама себеп болуы мүмкін. 24 қарашада Африканың оңтүстігінде – Оңтүстік Африка мен Ботсванда жаңа коронавирус мутагені анықталған. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл COVID-19-дың кез келген басқа штамдарынан, тіпті дельта штамынан да қауіпті болуы мүмкін. Жаңа қоздырғышта 32 мутация бар, олардың кейбіреулері штамның жоғары таралу қабілетін және вакциналарға төзімділігін көрсетеді. 26 қарашада Израильде Африканың Малави елінен оралған адамда алғаш рет коронавирустың омикрон атты жаңа штамы табылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа штамын зерттеуге бірнеше апта қажет екенін айтты.

*****

Премьер-Министр Асқар Мамин Ашхабад қаласына жұмыс сапарымен барып, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, транзиттік-көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазан айындағы Түркіменстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Карантиндік шараларға және әлемдегі қазіргі жағдайға қарамастан Қазақстанның Түркіменстанмен сауда деңгейі тұрақты өсімді сақтап қалған. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте тауар айналымы Қазақстан экспортының 78,1 процентке өсуі есебінен 43,6 пайызға, яғни 144 млн долларға дейін ұлғайған. Таяу жылдары тауар айналымын 500 млн доллар деңгейінде қамтамасыз ету міндеті қойылған.

*****

Жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 112 қылмыстық топ құрықталған. Ұрланған 7 мыңдай бас малдың, 4 мыңға жуығы иелеріне қайтарылған. Мәселен, Павлодар облысында құрамында 15 адам бар қылмыстық топ шаруа қожалықтарынан ірі қара малды ұрлап, етін Екібастұздың базарында сатқан. Сондай-ақ Ақмола облысында жайылымда жүрген малды атып алып, елорда базарларына етін өткізбек болған топ ұсталған. Жалпы кешенді шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда елімізде мал ұрлығының саны 38,5 пайызға төмендеп отыр, - дейді ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз.

*****

Алматы облысы Талғар қаласында жекеменшік балабақшада болған бала өлімі туралы кейбір деректер белгілі болды. Талғар ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға «Талғар-Нұрәлі» серіктестігіне тиесілі «Бүлдіршін» балабақшасында орын алған. Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, 26 қарашада сағат 15.20 шамасында бала түскі астан кейінгі ұйқыдан оянбаған. Қызметкерлер бірден жедел-жәрдем шақыртып, баланың ата-анасына хабар берген. «Жедел шақыртуға шыққан жедел-жәрдем қызмет бригадасы баланың ата-анасын балабақшаның кіреберісінде кездестірген. Өйткені, балабақша қасында тұратын ата-ана баланы бақшадан алып, жедел-жәрдемнің алдынан шыққан»,- делінген ведомствоның хабарламасында. Бала 2017 жылы туған. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың тамағына белгісіз зат тұрып қалған. Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр.

*****

Семейде Алаш арыстарына көше аттары беріледі. Шаһарда 56 көшенің аты өзгереді. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында депутаттар идеологиялық тұрғыдан аты ескірген, мағынасыз атауларды ауыстыру жайлы шешім шығарған. Енді көшелерге Алаш көсемі-Әлихан Бөкейханов, Кеңес Одағының батыры- Рақымжан Қошқарбаев, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны-Сабира Мұхаметжанова сынды белгілі тұлғалардың есімі беріледі. Сондай-ақ көшелердің бірі қазақтың «Левитаны» атанған радио жүргізушісі, майдангер, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың атымен аталмақ. Мұндай ұсыныстар, қала тұрғындарынан түскен. Болашақта Семейде Паравозная, Подхозная, Водная, Амбулаторная сынды мағынасыз қаптап жатқан көшелердің атаулары да біртіндеп ауыстырылмақ.