Алматыда «QAZAQ RADIOSY» - ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ: ТАРИХЫ, ДАМУЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ» атты апталық басталды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Онда ұлт көшбасшысы отыз жылдық торқалы той қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін халықпен ой бөліскен. Мақалада Тұңғыш Президент еліміздің басты құндылығын атады. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек екенін де Елбасы еске салды.
-Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін,-делінген Елбасының мақаласында.
*****
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты туған күнімен құттықтап, игіліктер мен оның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ, Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесіне сайлаудың сәтті өткеніне қолдау білдіріп, Парламенттің жаңа құрамы мемлекеттің тұрақты дамуына қомақты үлес қосатынына және қазақ-қырғыз достығын, тату көршілік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Екі елдің басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
*****
Елдегі эпидахуалға тоқталайық. Өткен бір тәулікте 632 адамнан індет расталды. Осылайша, коронавирус жұқтырғандар саны 975 мыңнан асты. Қазіргі уақытта 24 мыңнан астам адам инфекциядан емделуде. Індетке шалдыққандардың арасында 359 адам хал үстінде жатыр. Коронавирустың таралуы бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы «қызылдан» «сары» аймаққа өтті. Яғни, қауіпті аймақта ешқандай өңір қалмады. «Сары» аймақта Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Қалған өңірлер жасыл аймақта. Вакциналау науқанына келсек, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы екпенің 1-ші компонентін 8 млн 783 мың адам салдырған. 8 млн 182 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. Pfizer вакцинасы бойынша I-ші дозаны 127 мыңға жуық адам алған.
*****
Жыл басынан бері 17 мың 300-ден астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Оның жартысынан көбі Өзбекстаннан оралған. Сосын Қытай, Түрікменстан, Моңғолия және басқа елдерден келгендер де бар. Этникалық қазақтар негізінен Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент қаласына қоныстанған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 820 мыңнан астам этникалық қазақ оралды.
*****
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «QAZAQ RADIOSY» - ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ: ТАРИХЫ, ДАМУЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ» атты апталық басталды. "Qazaq radiosy"-ның 100 жылдығына орай ұйымдастырылған апталықтың ашылуында біздің ұжымды Біріккен Ұлттар Ұйымының радиоқызметі құттықтады. Шара аясында ұзақ жылдар Қазақ радиосында қызмет еткен майталман радиожурналистер шеберлік сабағын өткізеді. Оған оқытушылар мен студенттер қатысады. Бүгінде Қазақ радиосы еліміздің 88 пайыз аумағына эфир таратады. Тек республикаға ғана емес, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстанның шекаралас аймақтарын да қамтиды. Қазір Қазақ радиосын кез- келген елден онлайн режимде тыңдауға болады.
*****
Алдағы күндері Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде күн суытады. Жылы күн райын Атлант аймағынан жылжып келе жатқан суық антициклон алмастырады. Соның әсерінен температура күрт төмендейді. 7-8 желтоқсанда түнгі уақытта еліміздің солтүстігі мен шығысында 22-30 градус аяз болады. Ал республиканың оңтүстік өңірлерінде Иран аудандарынан келетін жылы ауа массаларының әсерінен ауа райы аса суыта қоймайды.