Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талаптары күшейді

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Атырауға сапары аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның жобалық кеңсе қызметімен танысты. Кездесуде өңірлік комиссия мүшелерінің осы кезге дейін жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі айтылды. Болашақта Тарихи жады институты құрылады. Осыған орай өңірлік комиссия мүшелерінен, тарихшылардан нәтижелі зерделеу жұмыстарын күтеміз», -деді Қырымбек Көшербаев. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, қазір 26 мүшесі бар өңірлік комиссияның құрамында 8 жұмыс тобы бар. Комиссия мүшелері қуғын-сүргінге ұшыраған 3 мыңға жуық адамның ісі мен фильтрациялық тексеруді, трофейлік карточкаларды зерттеген.
*****
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды, онда жаңа өндірісті іске қосып, өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыстады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада Асқар Мамин Қостанай облысы жоғары аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетке ие бола отырып, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті. 1991 жылдан бастап жалпы өңірлік өнім көлемі 10 есе өсті. Елді индустрияландыру бағдарламасы аймақта бұған дейін шығарылмаған, қосылған құны жоғары ондаған жаңа өнім түрін өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бұл – жеңіл және жүк автомобильдері, автобустар, металл прокаты. Автомобиль жасау өнімінің 60%-дан астамы Қостанай облысына тиесілі. Салтанатты шара барысында Премьер-Министр Мемлекет басшысының атынан еліміздің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан қостанайлықтарға мемлекеттік наградаларды табыстады.
*****
Келесі аптада Ұлттық банк цифрлық теңге жобасын таныстырады. Банк төрағасы Ерболат Досаев жобаның халықаралық әріптестерімен бірлесіп жүзеге асып жатқанын айтты. Қазір дүние жүзінде 63 орталық банк ұлттық цифрлық валютаны шығарумен, оның айналымын зерттеумен белсенді айналысып жатыр. Ұлттық банк келер жылы шілдеге дейін бұдан түсетін пайда мен шығынды есептеп, жобаны бақылайды. Ал цифрлық теңгені енгізу туралы қорытынды шешім 2022 жылы желтоқсанда шығады. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны айырбастамайды. Дегенмен заңды төлем құралы ретінде қолдануға болады. Тұрғындар цифрлық валютаны жинауға, саудаласуға пайдалана алады.
*****
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талаптары күшейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алу сынағындағы жаңа биометриялық жүйе мен жаңартылған автодромды таныстырды. Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықовтың айтуынша, жүргізуші куәлігін «сатып алу» жағдайлары анықталғаннан кейін емтихан барысын бақылау күшейтілді. Ол үшін теориялық емтихан тапсыру кезеңіне арнайы биометриялық жүйе енгізілді. Бұл барлық адами факторларды жояды, талапкердің орнына басқа адамды кіргізуге жол бермейді. Ал практикалық тест тапсыратын автодромның жабдықтары жаңартылды, GPS жүйесі енгізіліп, автоматтандырылды. Ол автодром аумағындағы және емтихан барысындағы көлік қозғалысы мен маневрларды есепке алып, талдау жасауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, өткен айда елордада 2000-ға жуық адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш берсе, олардың тек 99-ы ғана емтиханнан сәтті өткен.
*****
Енді коронавирусқа қарсы ревакцинацияны 9 емес, 6 айдан кейін жасай беруге болады. Бұл вакцинаның кез-келген түріне байланысты. Қайта вакциналау уақытына қатысты өзгеріс халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған. Сонымен, екпенің бастапқы екі дозасын салдырғаннан кейін арада жарты жыл өткенде індетке қарсы кезекті препаратты қабылдаған абзал.. Бастапқы шешімге сәйкес елде қайта вакциналау 22- қарашада басталды. Содан бері 45 мыңнан аса адам екпе салдырған. Ал,вакцина салдырғаннан кейін «жасыл» статус бір жылға жарамды.
*****
Енді елдегі эпидахуалға тоқталайық. Қазақстанда өткен тәулікте 648 адамның коронавирус індетімен ауырғаны ПТР арқылы расталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 978 мыңнан асты. Вакциналау науқанына келсек, екпенің 1 - ші компонентін 8 млн 835 мыңға жуық адам алды. 8 млн 260 мыңнан астамы иммундаудың толық курсынан өтті. Pfizer вакцинасының I-ші дозасын 169 мың, ІІ-ші дозасын 9 мыңға жуық адам салдырды. Басым бөлігі - жасөспірімдер.
*****
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әскери-әуе күштері армия авиациясының жауынгерлік тікұшақтары көк аспанда тәуелсіз еліміздің символы – Мемлекеттік туды қалықтатты. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ең үздік ұшқыштар экипаждары «Менің Туым – менің Отаным» акциясына қатысты. Осылайша, ұшқыш-мергендер елорда аспанында Қазақстанның Мемлекеттік туын асқақтатты. Бұл көріністі орындауда олармен Ми-17 тікұшақтары әуеде ілесіп ұшты.