Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Елордада 350-ден астам медицина қызметкері марапатталды

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Өткен тәулікте 397 адамның инфекцияға шалдыққаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 980 мыңнан асты. Вакциналау науқанына келсек, коронавирусқа қарсы екпенің 1 - ші компонентін 8 млн 865 мың адам алды. 8 млн 307 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. «Pfizer» вакцинасын 189 мыңға жуық адам салдырды. Оның басым бөлігі- жасөспірімдер.
*****
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Елордада 350-ден астам медицина қызметкері марапатталды. Олардың арасында 98 адам «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін алса, тағы 7 адам мемлекеттік наградаға, 3 адам «Халық алғысы» медаліне ие болды. Сонымен қатар бір топ дәрігер Денсаулық сақтау министрінің атынан түрлі марапатқа лайық деп танылды. Ақ халатты абзал жандарға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Құрмет грамотасы да табыс етілді.
*****
Алматының 100-ден астам полицейі «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне 35 жасқа дейінгі полиция қызметкерлері де енген. Қазіргі таңда ішкі істер органдарында жұмыс істейтіндер тарапынан пәтер алуға 707 өтініш түскен. Оның ішінде 587 адам банкке төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама алды. Жалпы, осы кезеңде аталған бағдарлама бойынша 105 полиция қызметкері өз шаңырақтарына кірген.
*****
Жамбыл облысы Қаратау қаласында 2 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Аймақ әкімі Бердібек Сапарбаев қоныс той иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін өзі табыстады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы жүрген бес қабатты тұрғын үй 64 пәтерден тұрады. Баспанаға ие болғандардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрған азаматтар бар. Бұл күні бес қабатты тағы бір үй берілді. Бос тұрған 72 пәтерлі үйді «Қазфосфат» серіктестігі қайта жөндеп, халыққа тапсырып отыр. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылды. Ғимаратта балаларды шығармашылық және физикалық дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Аймақтан келіп түскен тағы бір жаңалық - Қойгелді-Ерназар бағытындағы автожол бойындағы жаңадан салынған көпір пайдалануға берілді. Талас және Жамбыл аудандары арасындағы жол қатынасын реттеудегі маңызы зор көпір құрылысы – тұрғындардың көптен бергі тілегі болатын. Көпірдің ұзыныдығы – 33 метрден асады.
*****
Келесі жылы бір және екі бөлмелі пәтердің бағасы көтерілуі мүмкін. Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті тұрғын үй нарығына осындай болжам жасады. Ермек Мүсіреповтың айтуына қарағанда, бағаның өсуіне зейнетақы ақшасын алуға қатысты ақпарат әсер етеді. Қордан ақша алудың шекті межесі келесі жылдың сәуір айына дейін өзгермеген соң, 1-2 бөлмелі пәтерге сұраныс артады. Сарапшы әсіресе бағасы көпке қолжетімді үйлер құны 15%-ке өсетінін айтады. Тек сәуірден кейін ай сайын 3%-ке арзандауы мүмкін. Қазір де нарықта үйдің бағасы арзан емес. Оның үстіне бұған дейін жаңа өзгеріс енгізілетіні туралы ақпарат тараған үш күнде халық зейнетақы қорындағы ақшасын шешуге 46 мың өтініш берген.
*****
Тәуелсзідік күні қарсаңында Қазақ радиосының әуе толқынына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақалаларының толық аудионұсқасы беріледі. Елбасы мақаласында өз халқының тәуелсіздіктен тағылым алуы үшін отыз жылдық белес жайлы ой-толғауын жарияласа, Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарын үш он жылдыққа бөліп, ой елегінен өткізген.
Тәуелсіздік жайлы мақалаларды белгілі радио дикторы Аманжан Еңсебаев дыбыстады, оның толық аудионұсқасы Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақ радиосының эфирінен берілмек. Мақалаларды тыңдаушыға аудио арқылы ұсыну радио тәжірибесінде алғаш рет жүргізілмек.