Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 23.12.2021

Тәулік тынысы 23.12.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті қабылдады. Министр Мемлекет басшысына еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар мен су саласын дамыту жоспары туралы баяндады. 2025 жылға дейінгі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еліміздің 6 облысында жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 9 су қоймасы салынады. Кездесу кезінде  геология саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, жер қойнауына жүргізілетін мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жандандырылып жатыр.

*****

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев бүгінгі таңда орталықта және өңірлерде Мемлекеттік комиссияның тұтас ұйымдық құрылымы қалыптасқанын, әдістемелік база әзірленіп, зерттеу жұмыстарына қатысты бірыңғай әдістің айқындалғанын атап өтті. Жиында саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы базасын және Мемлекеттік комиссия құрылымдарының қызметі туралы ақпараттарды қамтитын Мемлекеттік комиссияның электрондық порталы таныстырылды.

*****

Мемлекет қатысатын нарық субъектілерінің үлесі айтарлықтай қысқаруы тиіс. Бүгін Сенатта тиісті заң жобасын таныстырған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин осылай деді. Құжат аясында  кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту көзделіп отыр. Серік Жұманғарин  дәрілік заттарды өткізу нарығындағы бәсекелестікті дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

*****

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасының негізгі бағыттарына қатысты түсінік берді. «Заң жобасының бірінші нұсқасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» сайтында орналастырылды», - деді Ербол  Қарашөкеев.

*****

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жаңажылдық шыршаны сәндеуге арналған құралдарды арнайы сертификаты мен сатуға рұқсаты бар дүкеннен алуға кеңес берді. «Фейерверк, бенгал майшамы немесе отшашуды ғимараттың ішінде атуға болмайды. Отшашуды тұрғын үй мен адамдардан алшақ жерде  пайдаланып, қауіпсіздік ережерелерін сақтаған жөн. Сонымен қатар пиротехниканы балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек. Жыл сайын жаңа жылды қарсы алғаннан кейін пиротехникадан зардап шегушілердің статистикасын жасап жатамыз. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында жеке бас қауіпсіздігін ойлаған жөн», - деді Юрий Ильин.

*****

Алматы қаласында «Пиротехника» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.  Оның мақсаты – жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен қолданылған бұйымдар айналымының белгіленген ережелерін сақтауын бақылау. «Алматыға жыл сайын түрлі пиротехникалық бұйымдар  жеткізіледі. Оны  автокөлікпен тасымалдаудың заңдылығын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Алматы қалалық ПД Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Рахым Төлеқұлов.

*****
Елордада  «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана» тұрғын үй бағдарламасының нәтижесі жарияланды. Жастарға екі көппәтерлі тұрғын үйде орналасқан 800 пәтер бөлінеді.  Биыл аталған  бағдарламаға  қатысуға 4800-ден астам адамнан өтінім түскен, оның 800-і жақын арада пәтер кілтін алады. Олардың тізімі zhilfond.kz сайтында жарияланған.
*****

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгереді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Жұмыс беруші қызметкер үшін оның жалақы деңгейінің 3%-ын төлейді, бірақ 18 000 теңгеден аспайды. Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде, төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар - ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 200 теңге төлейді.

*****

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында елордалық «Барыс» Қазан қаласында «Ак Барс» командасымен  кездеседі.  «Ак Барс» – «Барыс» матчы Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 22.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Естеріңізге  сала кетейін, бұдан бұрын хабарлағанымыздай  «Барыс» «Автомобилист» командасымен кездесіп, қарсыласынан басым түсті.