Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 24.12.2021

Тәулік тынысы 24.12.2021

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшысы Президент Ильхам Әлиевті 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, бауырлас әзербайжан халқына бақ-береке тіледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің қазақ-әзербайжан ынтымағын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызды екенін атап өтті. Президенттер келесі жылы жоғары деңгейде кездесу өткізуге уағдаласты. 

*****
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Комиссияның шешімімен 2021 жылдың үшінші стипендиясы 569 үміткерге тағайындалды. Олар магистратура мен докторантура бағыты бойынша білім алады, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жиын соңында «Болашақ» халықаралық стипендиясының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

*****
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференцияда көне түркі тіліндегі Құран кітабы таныстырылды. «Биыл күллі түркі әлемі үшін айрықша мерейлі жыл. Себебі, адамзаттың ақыл-ой қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыздың мерейтойы қатар келіп отыр. Олардың қатарында түркі халықтарының мақтанышы, әзербайжанның данышпан шайыры Низами Ганжауидің туғанына 880 жыл. Биыл абыз ақын, ұлы ойшыл, өзбек халқының ғұламасы Әлішер Науаидің туғанына 580 жыл, ал жыр алыбы Жамбылдың дүниеге келгеніне 175 жыл. Сонымен қатар, ұлы ойшыл ақын Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл», - деген Сенат төрағасы бұл атаулы даталарды бауырлас елдерде жоғары деңгейде атап өткенін еске алды.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Халықаралық түркі академиясының бастамасымен Низамидің дастандары қазақ тіліне, Науаидің жырлары қазақ және әзербайжан тілдеріне аударылып, басылғанын атады. «Бүгін сонымен қатар Юнус Эмренің жырлары ана тілімізге толық аударылып, алғаш рет қазақ оқырмандарына жол тартып отыр. Осы ретте аталған туындыларды аударған қазақтың көрнекті ақындары Несіпбек Айтұлына, Светқали Сабырғалиұлына, ғалым Төрәлі Қыдырға және филология ғылымдарының докторы, профессор, Әзербайжаннан келген мейман Рамиз Аскерге алғысымызды білдіреміз», - деді Сенат спикері.

*****

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жолаушылар автомобиль тасымалы саласын субсидиялау жөнінде кеңес өткізді. Жиында көлік тасымалы саласын субсидиялау және тозығы жеткен автобустардың мәселелері сөз болды. Биыл әкімдіктер қалалық маршруттарды субсидиялауға былтырғымен салыстырғанда 75 процентке артық қаражат бөлді. Сонымен бірге, халықаралық автомобиль көлігі операторларын 2025 жылға дейін жүк көлігі тартқышы үшін төленетін бастапқы тіркеу жарнасынан босату мәселесі көтерілді. 2020 жылдың 2 шілдесінен бастап 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін халықаралық жүк тасымалы үшін сатып алынған жүк көлігі тартқышы бастапқы тіркеу жарнасынанан босатылды. Бұл шараны 2025 жылға дейін жаңарту жоспарлануда. Заң жобасына бұл түзету келесі жылдың басында енгізіледі. 

*****


Келер жылдан бастап мал дәрігерлерінің еңбекақысын 60 пайызға дейін өсіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Тағы бір жаңашылдық - ветеринарлар қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау сынды өздерінің міндетіне жатпайтын жұмыстардан босатылады. Оның орнына ветеринариялық заңнаманы бұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша қосымша міндеттермен айналысады.

*****


Елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Отбасы банкі төрағасының айтуынша, «Жайлы тұрғын үй» деп аталатын жобаны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге іске асыру көзделген. Бұл «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» секілді бағдарламаларды біріктіру арқылы жасалады. Өйткені түрлі бағдарламалар болса, тұрғындар тарапынан түсінбеушілік те, наразылық та көп дейді Ләззат Ибрагимова. Сол үшін жаңа бағдарлама барлығына ортақ. Алғашқы жарнасы 10 пайыз болады. Сондай-ақ 2 пайызбен баспана алу бағдарламасының талаптарын да жеңілдеттік дейді басқарма төрағасы. Мәселен қазір «Бақытты отбасы» арқылы пәтер алу үшін міндетті түрде үй кезегінде тұру керек. Енді мұндай шартты алып тастау көзделген. Яғни табысы отбасы мүшелеріне шаққанда 70 мыңнан аспайтын барлық адам бұл ипотеканы рәсімдеуге мүмкіндік алады. Десе де мұндай өзгерістердің қашаннан бастап күшіне енетіні әзірге айтылған жоқ.

*****


Ауғанстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Үкіметі Қазақстанда қалған Ауғанстан азаматтарының мәселелерін шешуге белсенді қатысуда. Халықаралық құқық пен ҚР ұлттық заңнамасының қағидаларын ұстана отырып, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын 155 ауған студентіне оқу визаларын берді және ұзартты. Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қатысуымен экономикалық көмекке мұқтаж 204 ауған студентіне, оның ішінде осы жылы оқуын бітірген студенттерге гуманитарлық көмек көрсетілді. Акция Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Нұр-Сұлтан қалаларында өткізілді.

*****
Елдегі сыбайлас жемқорлықтың 83 процентін ер адамдар жасайды. Сот шешімдерінің дені Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында шыққан, деп хабарлайды Хабар 24. Сарапшылар соңғы үш жылдағы 1,5 мыңнан аса сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істі саралаған. Нәтижесінде сот актілері банкінде сақталған деректердің 11-іне Қылмыстық кодекстің сыбайлас жемқорлық бабы бойынша жаза қолданылғаны анықталды.

*****


Алматыда 5-ші Қысқы спартактиада өтіп жатыр. Жарысты бүгін шорт-трек шеберлері бастады. 1500 метрге жүгіруден ерлер арасында елордалық Санжар Жанысов топ жарды. қостанайлық Қуандық Сүлейменов пен Вадим Садовниковтар 2-ші және 3-ші орындарды өзара бөлісті. Қыздар арасында елордалық Мәдина Жанбосынова жеңімпаз атанды.