Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 27.12.2021

Тәулік тынысы 27.12.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновті қабылдады. Президентке министрліктің биылғы атқарған жұмыстарының қорытындылары және Жолдауда айтылған мәселелердің жүзеге асырылу барысы туралы есеп берілді. Атап айтқанда, жаңа жылдан бастап төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеге дейін жетеді және тағы 591 мың азаматтық қызметкердің жалақысы өседі.  Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз шамасында. Сондай-ақ биыл 988 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұдан бөлек Мемлекет басшысына министрліктің алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге саладағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

*****

Алматыда онкологияны диагностикалауға арналған ядролық медицина орталығы ашылды.  Бүгін осы орталықтың жұмысымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов танысты.  Еліміздегі алғашқы инновациялық орталықта медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қазақстандықтарға тегін және қолжетімді зерттеу жүргізіледі. Нысан  онкологиялық патологияларды ерте анықтау үшін ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. «МедИнвестГрупп Қазақстан» компаниясының қолдауымен ашылған орталықтағы жабдықтар дәрігерлерге жылына 7 000 пациентті қабылдауға мүмкіндік береді. Шахарға сапары аясында Ералы Тоғжанов «Асыл Мирас» аутизм орталығының жұмысымен танысып, «MEIIRIM» балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығында болды.
*****

Заңнамаға мемлекеттік қызметшіге жұмыстан тыс уақытта қосымша табыс табуға рұқсат беретін норма енгізілмек.  Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова  брифингіде айтты.   Оның пайымынша, мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта кәсіпкерлікке жатпайтын қызмет түрлерін ұсыну арқылы табыс таба алуы тиіс. Сонымен қатар агенттік төрағасы мемлекеттік қызметшілерді қысқарту шараларының Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен жастарға қатысы жоқ екенін айтты.  Олардың барлығы өз орнында қалып, жұмысын одан әрі жалғастырады,-дейді Анар Жайылғанова.
*****

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа жол берген қызметкерлері үшін 264 басшы жазаланды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаровтың айтуынша, 2019 жылдың 10 желтоқсанында қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа жол бергені үшін басшылардың жауапкершілігі туралы заң қолданысқа енгізілді. Осы сәттен бастап 264 мемлекеттік қызметкер жұмыстан қуылды. Ал осы жылдың тоғыз айында  дәл осы себепті тоғыз мемлекеттік қызметші қызметінен кету туралы өтініш берген. Оның   үшеуі қызметінен кетсе, қалғаны тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

*****

Осыдан екі жыл бұрын Алматы әуежайында болған Fokker-100 ұшағының апаты бойынша  тергеу жұмыстары таяуда аяқталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі  осындай мәлімет таратты. Ведомство өкілдерінің айтуынша, Cоvid-19 пандемиясымен байланысты локдаундардың әсерінен қайғылы оқиғаның себебін анықтау ұзаққа созылған.  Қазіргі уақытта тергеу аяқталу сатысында тұр, Комиссия барлық қажетті материалдар мен зерттеу нәтижелерін жинады, барлық мүдделі қатысушы мемлекеттерден қорытындылар алды, түпкілікті есеп жобасы жасалды.   Оның қорытындысы таяуда министрліктің сайтында жарияланады. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-сұлтанға ұшатын Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза таптқан болатын.
*****

Алматы облысындағы Алматы-Қорғас тас жолында 17 көліктің қатысуымен болған жаппай жол-көлік апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды,- деп хабарлайды Zakon.kz. Аталған дерек бойынша облыстық полиция  департаменттің тергеу басқармасы жолды күтіп ұстауға және жол қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды тексеруді бастады.  Сараптамалар тағайындалып,  уәкiлеттi органдарға тиiстi анықтамалар жолданды,   Еске салсақ, 25 желтоқсан күні Алматы-Қорғас тас жолының 134-ші шақырымында 17 көліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы орын алды.  Апатқа ауа райының қолайсыздығы мен көктайғақ себеп болған. Салдарынан көліктер қирап, бес адам зардап шеккен еді.
*****

БҚО-да жаңа санитарлық шектеулер енгізілді. Аймақтың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, сауда және ойын-сауық үйлері, сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтарына тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, қызметкерлер мен келушілер тек «жасыл» мәртебемен кіре алады. Сондай-ақ вакцинация, сынама алған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тестісі бар, соңғы үш ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарға шектеу қойылмайды. Облыста тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуі де шектеледі. Немесе олар 7 күнде 1 рет міндетті түрде ПТР тестіден өтуі тиіс. Қаулы бүгін кұшіне енді.

*****

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 9 тарихи телехикаяның таныстырылымы өтті.  «Qazaqstan» телеарнасынан ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған 6 тарихи туынды көрсетіле бастады. Ал аты аңызға айналған КСРО Халық әртісі және Халық қаһарманы Роза Бағланова туралы «Бұлбұл» телехикаясын көрермендер «Хабар» арнасының эфирінен көре алады. Сондай-ақ, «Almaty TV» телеарнасы   Тұрар Рысқұловтың өмір жолын баяндайтын «Қызыл жебе» телесериалын түсірсе, «31 телеарна» ұлы ақын Жамбыл Жабаевқа арналған телехикаяны көрерменге ұсынып отыр.  Бүгін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев туралы  «Қаныш. Қазына» тарихи телехикаясы эфирге шығады. Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаның өмірі мен еңбек жолына негізделген 6 бөлімді туындыны бүгіннен бастап  сағат  20:35-те Ұлттық арнадан көре аласыздар.