Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 30.12.2021

Тәулік тынысы 30.12.2021

Жаңа жылға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары түсуде, - деп хабарлайды Ақорда.  Ел Президентін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Беларусь, Польша, Словения, Мажарстан Президенттері сонымен қатар шетелдік ірі компаниялардың,  қаржы институттарының басшылары, дипломатиялық миссиялардың жетекшілері құттықтады. Жеделхаттарда Қазақстанның шет мемлекеттермен ынтымақтастығын нығайтудың маңызды басымдықтары атап өтілген және Қасым-Жомарт Тоқаевтың аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.  

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істер жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэйді қабылдады. «Мемлекеттер арасындағы достық қатынастар әрқашан дами береді. Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, биылғы 10 айдың ішінде екі ел арасында сауда көлемінің өскені байқалады,-деген  Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда көлемін ұлғайту және оның құрылымын жақсарту жұмыстарын одан әрі жүргізудің маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге жүрекжарды сәлемін жолдай отырып, алдағы жылы оны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін күтетінін жеткізді. Осы маңызды іс-шараның нақты мерзімі дипломатиялық жолдар арқылы келісілетін болады. Ал, қытайлық дипломат Қазақстан Президентіне келесі жылы Бейжіңде өтетін  қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысуға шақыруын табыстады.

*****

Бүгін Сенат төрағасы палатаның 2021 жылғы жұмысын қорытындылады.  Биыл еліміз үшін ерекше жыл болды,-деген Мәулен Әшімбаев Парламент Үкіметпен бірлесіп Президент Жолдауы мен тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіп, нәтижесінде 104 заң қабылдағанын айтты.

*****

Сонымен қатар, осы жылдың соңғы отырысында сенаторлар «Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

*****

Кен орны Жамбыл облысында орналасқан. Бүгінде фосфаттың 75 млн тонна қоры бар. Ол 50 жылға жетеді. Өнім жасыл технология әдісімен алынады. Осылайша жылына 1 млн тоннадан аса омоний-фосфаты тыңайтқышы игеріледі. Бұған дейін өнім импортталып келсе, енді экспорттау міндеті тұр. Бұл агро салаға таптырмас өнім. Сондай-ақ қалдығы да кәдеге жаратылады. Яғни, гипсі цементке, ал, кальций хлориді қыстыгүні жол тазалауға пайдаланылмақ. 2024 жылы құрылысы аяқталатын жобаға  ресейлік компания 1 млрд доллардан аса инвестиция салады. Келісім аясында кәсіпорында қазақстандық мамандарды міндетті түрде жұмысқа орналастыру бойынша талап қарастырылады,-деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

*****

Жаңа жылды елордалықтардың  бір бөлігі көптен күткен пәтерінде қарсы алады. Бүгін жылдар бойы кезекте тұрған қалалықтарға пәтер кілті табысталды. Олардың арасында жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектер, толық емес отбасылар, зейнеткерлер бар. Бұл жайында қала басшысы Алта Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті. Осылайша, бүгін 200-ге жуық отбасы баспанаға ие болды. Жалпы, осы айда кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы әлеуметтік пәтердің кілтін алған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді жеңілдікпен берілетін тұрғын үй саны 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін ұлғайды.  Келесі жылы да осы межеден асыру көзделіп отыр.

*****

Согнымен қатар, жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірлерде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Мәселен,  Түркістан қаласында 610 отбасы пәтерлі болды. Оның 470-і – көпбалалы ана. Аймақ әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарға пәтер кілтін тапсырып, қуанышын бөлісті.  Қазір облыс орталығында бюджет есебінен  67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.  Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, Аягөзде студенттер жаңа жатақханаға қоныстанды. Ол тау-кен металлургиясы және басқа да өнеркәсіп  саласында мамандар даярлайтын политехникалық колледж студенттеріне арналған. Жатақхана жайлы, өзінің спортзалы, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған бөлмелері де бар. Сонымен қатар Аягөзде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған үйден 21 отбасы баспана алды. Жаңа пәтер кілттеріне  көпбалалы отбасылар, мұғалімдер мен дәрігерлер ие болды.  

*****

Елордада «Жылдың үздік жүз жобасы» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған байқауды «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық зерттеу орталығы жариялаған болатын. Оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған байқауға құжат қабылдау қыркүйек айында басталған. Орталық директорының орынбасары Саят Нәбиевтің айтуынша, биыл шәкірттер тарапынан 600-ге жуық жұмыс келіп түскен. Соның ішінен үздік 100 жоба іріктеліп алынды.
*****

Алматыда этнограф, қоғам қайраткері ғалым Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші қойылды. Ағартушының  180 жылдығына орай ашылған  монумент Алтынсарин көшесінің бойында орналасқан. Қола мен граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі алты метрге жетеді. Ал, Атырау қаласында Абайдың еңселі ескерткіші орнатылды.  Ол  Абай орталығы алдындағы алаңда   қойылған. Қазір бұл орталықта 30 бағытты қамтитын 100-ге жуық үйірме бар. Онда  800-ге жуық оқушы қосымша білім алады.