Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Шетелдік 5 беделді университеттің филиалын ашу жұмысы жүргізіледі – А. Аймағамбетов

Шетелдік 5 беделді университеттің филиалын ашу жұмысы жүргізіледі – А. Аймағамбетов

ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  сапалы білімге қолжетімділікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Бірінші. Мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге қолдау шараларының тиісті топтамасын қарастырумен үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуге қатысты. Министрлік өңірлердегі педагогтердің тапшылығына талдау жүргізді. Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті қолдау шараларымен бірге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленеді.

«Мұғалімдер тапшылығы бар және білім беру сапасындағы үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге жоғары оқу орындарының үздік түлектері тартылатын болады. Тартылған педагогтерге жалақының 2 есе артуы бойынша коэффициент белгілеу және тұрғын үй төлемін ұсыну немесе өтеу, коммуналдық қызметтер төлемін өтеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады», — деді білім және ғылым министрі.  

Екінші. 2025 жылға қарай шетелдік бес жоғары оқу орнының филиалдарын ашу тапсырмасы бойынша. Министрдің айтуынша, қазақстандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2025 жылға дейін беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу жұмысы жүргізілетін болады.  

Қазіргі уақытта елімізде Де Монтфорт Лестер (De Montfort University Leicester). университетінің филиалы жұмыс істейді. Университеттегі білім беру процесі ағылшын тілінде өтеді. Әлемдік үлгідегі диплом беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтарына жалпы контингенттен кемінде 7% көлемінде гранттар мен стипендиялар беріледі. Мамандарды дайындау IT, бизнес және дизайн бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру туралы мәселе келісілді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орны мен министрлік арасында меморандум жасалды. Оқыту ағылшын тілінде және білім беру, IT, инженерия, агротехникалық және т. б. бағыттар бойынша жүргізілетін болады.  Бұдан басқа, еліміздің батыс өңіріндегі жастардың әлемдік үздік стандарттарға негізделген жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады. Оларға академиялық еркіндік беріледі. Сондай-ақ, техникалық бағыттар бойынша кадрларды даярлауды арттыру үшін Ресей жоғары оқу орнының филиалын ашу пысықталатын болады. Үшінші. Халық тығыз орналасқан және білім беру сапасында алшақтығы бар өңірлерден келетіндер үшін техникалық бағыттар бойынша нысаналы гранттар бөлу мәселесі жөнінде.

«Халық тығыз орналасқан өңірлерден, сондай-ақ білім беру сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық даярлау бағыттары бойынша гранттар бөлу жоспарлануда. Нысаналы гранттар Қазақстанның ұлттық және жетекші жоғары оқу орындарында оқу үшін бөлінетін болады. Сондай-ақ, негізгі тұрғылықты жері бойынша жұмыспен өтеу көзделеді», — деді А. Аймағамбетов.

Қазіргі уақытта даярлаудың техникалық бағыттарына бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың үлесі 30%-дан астамды құрайды. 2022 жылы гранттар саны 60%-ға дейін ұлғайтылады. Бұдан басқа, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасыларына білім  гранттарын беру ұсынылады.




Дереккөз: primeminister.kz