Шетелге заңсыз кеткен ақша Қазақстанға қайтарылады
Қазақстанның Украинадағы Консулдығы ел азаматтарын төтенше жағдай бола қалған уақытта көмек көрсету үшін есепке тұруды сұрайды. Ол үшін дипломаттық корпусқа келудің қажеті жоқ. Тек елшіліктің сайтында орналасқан есепке алу карточкасын толтырып және оны төлқұжаттың көшірмесімен бірге электрондық поштаға жіберсе, жеткілікті. Маңызды ақпаратты елшілігінің веб-сайтынан, әлеуметтік желілері және жедел мессенджерлері арқылы бақылауға болады. Сонымен қатар отандастарымыз көмек қажет болған жағдайда +38 (044) 483-15-96; +38 (067) 347-04-08 телефон нөмірлеріне хабараласа алады.
*****
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасын қабылдады. Ғалымжан Пірматов инфляцияны болдырмау жөніндегі ақша-кредит саясатының іске асырылу барысы, сыртқы және ішкі секторлардағы негізгі тәуекел-қатерлерді ескере отырып, бағаның өсуін тұрақтандыруға бағытталған Ұлттық банктің жоспары жөнінде баяндады. Президентке валюта және ақша нарықтарындағы ахуал, елдің алтын валюта резервтерінің жай-күйі, сондай-ақ былтырғы төлем теңгерімін алдын ала бағалау туралы есеп берілді. Ғалымжан Пірматов Ұлттық банктің негізгі мандаты саналатын қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатының тиімділігін одан әрі арттыру жөніндегі пайымы мен жоспарын ұсынды. Президент Ұлттық банктің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін бірқатар нақты тапсырма берді.
*****
Шетелге заңсыз кеткен ақша Қазақстанға қайтарылады. Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов осылай деді. Оның айтуынша, 68 мемлекетпен құқықтық көмек көрсетуге екі жақты шартқа қол қойылған. Бұл елдердің қойып отырған басты шарты – табылған мүлкі, қаражаты болса, оны қайдан алғанын дәлелдеу. Осы ретте заңсыз, қылмыс жолымен алынған ақшаға нақты дәлелдер келтірсек, онда ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар. Егер ел азаматы келіп жатқан қаражаттың тікелей көзін түсіндіре алмаса, онда заңға сілтеме жасап, активтерді қайтара аламыз, - деді Марат Ахметжанов. Қазіргі күні Бас прокуратураның бастамасымен жұмыс топтары құрылды. Оның өкілетті органы болып Қаржы мониторингі агенттігі бекітілді.
*****
Жалпы қаңтар айындағы оқиғалар бойынша тергеу изоляторларына 267 адам дене жарақатымен түскен. Бұл туралы ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев брифинг барысында айтты. Сонымен қатар ол қамауға алынғандардың туыстарын жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Нақты мәліметті тікелей мекемелерге барып, медициналық қызметкерлерден алуға болады. Және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде, аумақтық департаменттерде Колл-орталықтар жұмыс істейді, - деді Мейрам Аюбаев.
*****
Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында тау шаңғысынан слалом бойынша медальдар сарапқа салынды. Аталған спорт түрінен сынға түскен қазақстандық шаңғышы Захар Кучин бірінші мүмкіндігінде мәре сызығын 43-ші болып кесті. Екінші мүмкіндігінде Кучин 36-шы болып келді. Осылайша жерлесіміз төрт жылдық доданы жүлдесіз аяқтады. Тау шаңғысынан слалом бойынша жарыста алтынды Франция өкілі, күмісті Австрия атлеті, қола медальды Норвегия спортшысы алды.