Даудың басы - допинг

Мемлекет басшысы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованы қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, Президентке Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының үш бағытта жұмыс атқарып жатқаны туралы мәлімет берілді.Анар Фазылжанованың айтуынша, бірінші бағыт – әлемдік лингвистиканың бір саласы ретіндегі қазақ тілі ғылымының іргелі теориялық мәселелеріне арналған зерттеулер. Екінші бағыт – қазақ тілін цифрландыру, атап айтқанда Қазақ тілінің ұлттық корпусы деп аталатын электронды ақпарттық ресурс жасаған. Үшінші бағыт – қазақ тілін реформалау. Ондағы мақсат – ғылым саласындағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту. Қасым-Жомарт Тоқаев Тіл білімі институты ғалымдарының еңбектеріне жоғары баға беріп, жұмыстарына табыс тіледі.
*****
Елімізде алғаш рет төрт айлық сәбиге әлемдегі ең қымбат дәрі егілді. Жұлын-бұлшықет атрофиясы диагнозы қойылған қыз балаға "Қазақстан халқына" қоры Золгенсма препаратын арнайы сатып алған. Шетелдік компания бұл дәріні әр науқасқа жеке шығарады. Ал бір дозаның құны шамамен миллиард теңге тұрады. Қазір баланың жағдайы жақсы, бірқалыпты. Қазір Айнамкөз анасымен карантинде, дәрігерлердің бақылауында. Енді 8 сәуірге дейін екпені тағы үш балаға салу жоспарланған. Балалар ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жатқызылды. Олардың да биоматериалы шетелдік дәрі өндіруші компанияға жіберілді. Мамандардың сөзіне сенсек, жалпы еліміз бойынша, бұл диагнозбен 120 пациент есепте тұр.
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында сотталғандар жасаған өнімдердің көрмесі өтті. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көрмеде сотталғандардың металл және ағаштан жасаған өнімдері қойылды. Сондай-ақ жиһаздар, оның ішінде мектептерге, кеңселерге арналған үстел мен орындықтар да келушілердің назарына ұсынылған. Түрме цехтары металды және ағашты өндеу, кесу үшін фрезерлік, лазерлік қондырғылармен жабдықталған. Бұл тапсырыс берушінің кез келген сұранысын қанағаттандырып, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі танда қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде сотталғандардың 70 процентіне жуығы жұмыспен қамтылған.
Семей қаласында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Халық алдында есеп берген қала әкімі Бақытжан Баяхметовтің айтуынша, мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында бірқатар шара атқарылуда. «Бүгінде Шығыс кентінде 1200 орындық, Степной кентінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Болашақта Қарағайлы шағын ауданында, Водный, Ақсай, Шығыс кенттерінде 2700 орындық тағы 4 мектеп салу жоспарланып отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Бобровка кентінде 320 орындық, Восход кентінде 140 орындық балабақша құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Әкімнің айтуынша, балабақшалардың құрылысы биыл басталады.
2014 жылдан бері 123 спортшымыз допингке байланысты спорттан шеттетілген. Оның ішінде ең көбі ауыр атлетикада, яғни 25 жағдай. Тізімді жеңіл атлетика, армрестлинг, күрес және велоспорт жалғайды. 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында ауыр атлетикадан ұлттық құрама мүшелерін жарыстан тыс допингке қарсы тексеру кезінде 6 спортшымыздың сынамасы оң нәтиже көрсетті. Олардың барлығы Алматы облысының өкілдері. Допингке қарсы «нөлдік төзімділік» саясаты негізінде федерация тарапынан ішкі тергеу жұмыстары жүргізіледі.