Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 11.05.2022

Тәулік тынысы 11.05.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары аяқталды.  Екі күнге созылған  сапардың негізгі түйіні - Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен жүргізілген жан-жақты келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Түркия қарым-қатынасын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, әртүрлі салада ынтымақтастықты нығайта түсетін бірқатар маңызды үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Мемлекет басшысы түрік бизнесінің өкілдерімен де кездесті. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллардан асқан. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр.   Құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асуда.  Сондай-ақ  54 жаңа жоба қолға алынуда.  Бүгін біздің елдеріміздің компаниялары арасында 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның бәрі екі елдің байланысын  жандандыруға тың серпін береді. Ал қол жеткізілген барлық уағдаластықтың орындалуы Президенттің  жеке бақылауында болады.

*****

Конституцияның үштен бірі өзгермек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы сарапшылар клубы отырысында айтылды. Конституциялық өзгерістер Ата заңның 33 бабын қамтиды. Бұл өзгерістер мен толықтырулар 5- маусымда өтетін республикалық референдумға шығарылады.  Конституциялық кеңестің аппарат басшысы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Президенттің бірқатар өкілеттіктерінен бас тартуы, саяси партиядағы мүшелігін тоқтатуы еліміздегі саяси күштердің арасындағы бәсекелестік деңгейінің көтерілуіне мүмкіндік береді.
*****
Сонымен қатар  Бақыт Нұрмұханов конституциялық өзгерістерге сәйкес, Парламенттің жұмыс жасау принципі өзгеретінін айтты. Енді Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы бір мандатты  аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады,-дейді  Конституциялық кеңестің аппарат басшысы.

*****

Бүгін Мәжілісте СТРЕСТІК АКТИВТЕРДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРАТЫН ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ.  Енді инвесторлар тұралап қалған өндірісті қаржы құйып қайта түлете алады. Сатып алушыларға шектеу жоқ. Тек шетелдік болса, қарызы төленген нысанды сенімгерлік басқаруға беруі міндет. Осыны реттейтін арнайы  сервистік компаниялар құрылады. Оларға да талап қатал. Аталған жұмысты атқару үшін жарғылық капитал 100 млн теңгеден асуы қажет. Қазір Қазақстанда қаржы институттарына 2,3 трлн теңге қарыз бар. Соның тең жартысын инвесторлар игере алады. Бұдан басқа елімізде кредит алғандар мен оны өтей алмай жатқандар саны өсті.  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, былтыр тұтынушылық кредит 40 пайызға көбейген. Тиісінше, несиесін  өтей алмайтындардың да саны артып келеді. Сол себепті  елімізде қарыз жүктемесі коэффициенті қолданылып жатыр. Банктер мен микроқаржы ұйымдары несие берген кезде, қарыз алушының табысын бағалауы тиіс. Төлем сомасы қарыз алатын адамның ай сайынғы табысының 50 пайызынан аспауы керек. Егер бұл деңгейден асып түссе, онда банк немесе несие ұйымдары кредит бермеуі тиіс. Олар бұл талаптарды орындамаса, осы ұйымдарға қадағалау күшейтіледі, - деді агентік басшысы.
*****

Биыл ақпан-сәуір айлары аралығында ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 230 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Энергетика вице-министрінің айтуынша, жанармай тапшылығы болмайды. Арзандатылған бағамен  400 мың тонна бөлінген. Тиеп-жөнелту жұмыстары тәулік бойы қадағаланады. Жыл соңына дейін дизель отынының ашық бөлінуін бақылау үшін деректер базасын құру көзделген. Электронды-ақпараттық жүйе жанар-жағармайды шаруаларға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, дизель отынына шекті баға бекітілген. Дегенмен кей өңірде  құны әртүрлі болуы мүмкін. Оның себебі тасымалға байланысты,-дейді Әсет Мағауов.
*****
Бүгін елордада 37 жастағы Сәбит Шонтақбаевтың ерлігі әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Ол 8-ші қабаттан терезеге ілініп тұрған үш жасар қызды құтқарып қалды.  Мәліметке сай,  бүлдіршін терезеден ауып кеткен кезде үйде ешкім болмаған. Баланы құтқарған  Сәкен Шонтақбаев ТЖМ-нің  «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталды.   Осы ретте ведомство өкілдері азаматтардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.

*****

Қазақстанның жеті өңірінде ауа райын байланысты ескерту жарияланды.  Ертең Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қатты жаңбыр жауады. Қарағанды ​​, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе , Маңғыстау, Атырау облысында найзағай ойнап, желдің екпіні  күшейеді.