Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 13.05.2022

Тәулік тынысы 13.05.2022

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Ұлттық банктің 2021 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдауға арналған кеңес өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы жүзеге асырылған ақша-кредит саясатының қорытындылары, инфляцияны тежеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары, бюджет кірісін арттыру, Ұлттық банктің алтынвалюта резерві мен Ұлттық қордағы активтердің жағдайы туралы баяндамаларды тыңдады. Мемлекет басшысы елімізде қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан экономикасының өсімі 2021 жылы 4,1 пайыз болғанын атап өтті. Сонымен қатар инфляцияның өсімі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгеніне назар аударып, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша 2016 жылдың қыркүйегінен бері ең шарықтау шегіне, яғни 13,2 пайызға жеткенін айтты. Президент аталған мәселелерді шешу үшін Үкіметтің, Ұлттық банк және басқа да мемлекеттік органдардың жұмысын күшейту маңызды екеніне тоқталды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны белгіленген шекті межеге қайтарудың маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған кешенді шаралардың толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

*****

Маңғыстауда жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 21 инвестжоба іске қосылады. Бұл жөнінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде айтылды. Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Өңірді дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобалардың іске асырылатынын атап өтті, бұл жаңа өнімдер шығаруға, жұмыс орындарын құрып, облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік береді. Облыс басшылығының алдында тұрған маңызды міндет ретінде Үкімет басшысы азық-түлік бағасының өсуін тежеу мәселесін атады. «Облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 16%-ға өсті. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қолда бар құралдарды толығымен әрі тиімді қолдану маңызды», — деді Премьер-Министр.

*****

Сондай-ақ Әлихан Смайылов фермерлерді мал азығының қажетті көлемімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен және облыс әкімдігімен бірлесіп, жеңілдіктерді ұзарту мен жем-шөпті өңірлерге жеткізу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.

*****

Бүгін шайбалы хоккейден әлем чемпионаты жалауын көтереді. Биыл топ-дивизионда Қазақстан құрамасы да сынға түседі. Дүбірлі дода 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өткізіледі. Қазақстан құрамасы А тобында өнер көрсетеді. Қарсыластары - Канада, Словакия, Германия, Дания, Швейцария, Италия және Франция. Ал В тобында Финляндия, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлыбритания және Австрия шеберлік байқасады. Еске сала кетейік, биыл жаһандық дода 85 мәрте жалауын көтереді. Әоем чемпионатындағы алғашқы ойында Германия мен Словакия құрамалары арасында болады. Чемпионатта Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын Данияға қарсы өткізеді. Қазақстандық хоккейшілердің бүкіл ойынын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.