Ұшақ рейсі кешіккенде не істеу керек және жолаушының қандай құқығы бар?

16 шілде күні Air Astana және FlyArystan авиакомпанияларына қатысты жаппай шағымдардан кейін Азаматтық авиация комитеті тиісті тексеру жүргізетінін хабарлады.
«Air Astana және FlyArystan Алматы – Мале, Нұр-Сұлтан – Ташкент және Алматы – Қостанай авиакомпанияларының рейстерінің, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша кешігу фактілері бойынша әлеуметтік желілердегі жолаушылардың көптеген өтініштеріне байланысты ҚР Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тергеу жүргізетін болады. Рейстерді кешіктіру және олардың күшін жою кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталған жағдайда, авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінде.
Араға 4 күн салып Азаматтық авиация комитеті талдау жүргізген хабарлама таратты.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау бағасына қатысты жазбаларына байланысты осы тарапта арнайы талдау жүргізді. Сараптамада отандық және шетелдік авиа тасымалдаушы компаниялардың тарифтері мен баға саясаты қамтылды.
«Атап айтқанда, қазақстандық «Fly Arystan» лоукост-әуекомпаниясы бірнеше бағыт бойынша шетелдік әуе компанияларымен салыстырғанда тиімді баға ұсынатындығы айқындалды. Мәселен, «Fly Arystan» компаниясының 3 594 шақырым қашықтықты құрайтын Түркістан – Стамбұл бағытындағы 2022 жылдың 6 қыркүйегіндегі билет құны 86 482 теңге болса, аталған қашықтықтағы «Turkish Airlines» компаниясының Нұр-Сұлтан – Анталия бағытындағы биылғы 1 қыркүйектегі билет бағасы 286 823 теңге көлемінде. Сәйкес бағыт бойынша қазақстандық «Эйр Астана» компаниясының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі билет құны 186 474 теңге мөлшерінде. Бұл тариф түркиялық әуе тасымалдаушының бағасымен салыстырғанда 100 мың теңгеге төмен.
Осы ретте атап өтерлігі, барлық әуе тасымалдаушы компаниялар динамикалық баға саясаты жүйесін қолданады. Мәселен, ертерек брондалған билет құны ұшу алдында алынған билет бағасынан бірнеше есе төмен. Сәйкесінше, талдау барысында түрлі авиакомпаниялардың белгілі бір датадағы тарифын салыстыру маңызды рөл атқарады. Бұл – нақты әрі айқын талдау жүргізуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Отандық және шетелдік әуе компанияларындағы тариф құны кестеде толығырақ көрсетілген.
Ұшақ кешіккенде немесе уақыты өзгергенде жолаушылар білуі тиіс ақпарат:
Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамамен, Қазақстан Республикасы "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-бабында тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі көзделген.
Egov сайтындағы мәлімет бойынша, тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідірген жағдайда я әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушыларға міндетті:
- Жеті жасқа дейінгі балалы жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
- Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен адамға ұзақтығын бес минуттан асырмай, екі рет телефонмен қоңырау шалуға, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электронды пошта арқылы екі хабарлама жіберуге мүмкіндік беру;
- Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен адамға салқындатылған сусын ұсыну;
Рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
- Күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын, түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
- Рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
- Қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.Бұл қызметтер жолаушыларға қосымша ақысыз көрсетілуі тиіс.
Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кездегі жолаушының құқығы
Осындай жағдайда жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
- Осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
- Жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады.
Рейстің кешіккені үшін қандай өтемақы өндіріп алуға бар?
Рейс кешіккені үшін компанияны айыппұл төлеуге міндеттеуге болады. Тасымалдаушы кінәлі емес екенін дәлелдей алмаса, кешіккен әрбір сағат үшін билет бағасының 3 пайызын қайтаруы тиіс. Бірақ айыппұл мөлшері билеттің құнынан аспауы керек.
Өндiрiп алынған айыппұл сомасы сатып алынған билет құнынан аспауы қажет.
Қандай жағдайда өтемақы талап етуге болады?
Әуе компаниялары өзінің кінәсінен болған қолайсыздықтарды ғана өтеуге міндетті. Мысалы, ұшақ ұшуға дайын емес немесе бір жері бұзылып қалды. Бұл тасымалдаушының кінәсі саналады.
Ал ауа райының қолайсыздығына немесе әуежайдағы проблемаларға компания әсер ете алмайды, сондықтан ол өтемақы төлемейді. Дегенмен жолаушылары үшін өз атынан жағдай жасауға тырысуы мүмкін.
Кешігу себебін әуекомпания өкілінен біле аласыз: әуежайда немесе тасымалдаушының сенім телефонына қоңырау шалу арқылы.