Қарағандыда қарттарға арналған тегін демалыс орталығы ашылды

Елордада маркетингтік компания атын жамылған қаржы пирамидасы анықталды. Бұл ұйым өзін портфельдік инвестиция және қаржылық кеңес ұсынатын халықаралық қаржылық және аналитикалық компания ретінде көрсеткен. Қазір тергеу басталды,-дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
*****
Сот Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Енді Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты 21- тамызға дейін қамауда отырады. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. *****
Елордада 11 ұрлыққа қатысы бар ер адам ұсталды. Күдіктіні Криминалдық полиция қызметкерлері құрықтады. Қаскүнем таңғы уақытта Қарталы көшесіндегі жатақхана бөлмесіне еркін кіріп, иелерінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, ұялы телефондарын ұрлаған. Белгілі болғандай, ер адам жатақханаларда бірнеше рет ұрлық жасаған. Ол бөлме тұрғындарының жұмысқа кетіп бара жатып, есіктерін ашық қалдырып кеткенін күтіп, сол сәтті пайдаланған.Бүгінгі таңда оның осыған ұқсас ұрлықтың 11 эпизодына қатысы бары анықталды. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.*****
Қарағандыда қарттарға арналған тегін демалыс орталығы ашылды. Оның басты міндеті – аға буынды белсенді өмірге тарту, бос уақытты қызықты және танымды ету. Орталықтың әкімшісі - қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Жұмысқа кіріспес бұрын оның қызметкерлері Елорданың Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында тәжірибе алмасқан. Қазір Қарағандыдағы орталықта қызығушылық клубтары жұмыс істейді. Зейнеткерлер музыка және вокал клубына белсенді қатысады, шахмат ойнайды. Салауатты өмір салтын ұнататындар йога, гимнастика және аэробика жасайды. Қазақ тілі курстары өтуде. Болашақта ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылық сабақтары өткізіледі. Заңгер, психолог, дәрігерлер де жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері бір уақытта 100 адамды қамти алады. *****
Таразда «TARTYL FEST» спорт фестиваліне 500 адам қатысты. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға 18 бен 60 жас аралығындағы қала тұрғындары турникке тартылудан бәсекеге түсті. Солардың ішінде турникке 34 рет тартылған Дархан Сәрсенов жеңімпаз атанды. Айта кетейік, Тараз республика бойынша «TARTYL FEST» өтетін 20 қаланың 4-шісі. Бұл жарыс 6 қыркүйекке дейін еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылмақ. Финал қыркүйек айында Елордада өтеді.*****
Қазақстандық спортшылар дүниежүзілік ойындардан олжамен оралды. Байрақты бәсеке АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен еді. Оған бас-аяғы 16 спортшымыз аттанды. Нәтижесінде 4-еуі жүлдеге ілігіп 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдені иемденді. Осылайша еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте 37-сатыға тұрақтады.*****
Әлем чемпионатындағы тарихи жеңісі үшін қазақстандық Нора Джеруто 40 миллион теңге сыйақы алады. Айта кету керек 30 миллион теңгеден аса қаржыны ұйымдастырушы тарап табыстайды. Ал біздің елде заң талаптарына сәйкес оған 15 мың доллар беріледі. Еске сала кетейік, Нора Джеруто АҚШ-тағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруде рекорд жаңартқан болатын. Осының арқасында ел қоржынына ашық аспан астындағы әлем чемпионатынан алғашқы алтынды салды.*****
Елордада 1-9 қазан аралығында Astana Open ATP 500 турнирі өтеді. Қазақстанда мұндай деңгейдегі жарыс алғаш рет ұйымдастырылуда. Бұл ATP 500 «Үлкен дулыға» және ATP Masters 1000 додаларынан кейінгі үшінші деңгейдегі жарыс болып есептеледі. Ойындар Есіл жағасындағы көрікті жерге орын тепкен Ұлттық теннис орталығының корттарында болмақ. Турнирге әлемдегі үздік 10 теннисшінің қатарына кіретіндер қатысқалы отыр.