Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 01.08.2022

Тәулік тынысы 01.08.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 13-15 қыркүйек аралығында Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорда. Сапар аясында Дін басы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысады деп жоспарланған. Сиезге 60 мемлекеттен қонақтар келеді. Рим папасы Францисктен басқа Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл, Әли Асқар жоғары мүфтиі шейх Ат Таиб, сондай-ақ Иерусалим патриархы үшінші Фиофил және басқа да дін басылары қатысатынын растады. Көптеген мемлекеттің дін істері жөніндегі министрлері қатысқалы отыр. Бұл – этносаралық және конфессияаралық диалог пен келісімнің қазақстандық үлгісі. 100-ден аса шетелдік ақпарат құралының өкілі – соның ішінде Euronews, CNN, Әл-Жазира және еуропаның өзге де медиа алыптары съезд жұмысы жайлы жер-жаһанға ақпар таратады.

*****
Үкімет қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмін әзірлеп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің конкурстық процедуралары оңтайландырылады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет келтірді. «Жалпы, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әлеуметтік кредиттік баспана құрылысын 1 шаршы метрге 290 мың теңге көлемінде, сондай-ақ жеке меншік құрылыс компанияларын ынталандыру кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын 1 шаршы метріне 310 мың теңгеге дейін қаржыландыру көзделген. Бүгінгі мемлекеттік сатып алудың моделі инженерлік-комуникациялық инфрақұрылым нысандарын жобалау бойынша жеке баспана мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы бойынша жеке конкурс жүргізуді қажет ететінін айту керек. Бұл конкурс процедураларын ұзартып, нысандардың қолданысқа беру мерзімін кешіктіреді», - делінген жауапта.
*****
Полиция қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты 4642 қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
*****
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларында ұрланған қызметтік және азаматтық қарулардың 860-ы тәркіленді. Оның ішінде 475 табельдік және 379 азаматтық қару бар. Ал 2 089 қару әлі табылмай жатыр. Оның ішінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған 1 282 азаматтық қару, 648 табельдік атыс қаруы, 159 травматикалық, газ және сигналды тапанша бар. Сонымен қатар, мақсатты түрде жүргізілген жедел-алдын алу іс-шараларының нәтижесінде полиция қосымша 1 936 қаруды тәркіледі. Олардың көбісінің тіркеу нөмірлері өшірілген. Сондықтан қазір олардың «қаңтар оқиғасына» қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
*****
Қаңтар оқиғасына қатысты 5 мыңнан астам «сотқа дейінгі тергеп-тексеру» жүргізілген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары Нұрлыбек Сәбитов айтты. Бас Прокуратура өкілі Нұрлыбек Сәбитовтің мәлімдеуінше, қаңтардағы оқиғалар бойынша сотқа барлығы 474 іс жолданған. Мыңнан астам адам күдікті ретінде тергелуде.
*****
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталады. Бұл істі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ атқарады. Бағдарламаның қаржылық операторлары – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасын іске асыру үшін 40 млрд. теңге бөлінеді. Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның барлық филиалдарында 5 тамызда басталады. Лизинг мерзімі – 10 жылға дейін; Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%; бастапқы жарнаның қажеті жоқ, Негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – 1 жыл; бір лизинг алушыға 205 млн. теңгеден және үш техникаға дейін беріледі.
*****
Елімізде жарты жылда трансплантация бойынша 100-ден астам ота жасалды.  Ел тұрғындары  қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға ықтияры бар-жоғын көзі тірісінде gov.kz порталында жазып көрсете алады. Бұл  туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 2020 жылдан бері порталда 18 мыңға жуық өтінім тіркелген:  оның ішінде 17 мыңнан аса адам донорлықтан бас тартса, 1 мыңға жуығы келісімін берген. Қазір Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 26 стационарлық және 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар.  Осы жартыжылдықта трансплантация орталығында ағза мүшесін алмастыру бойынша 104 операция жасалды», - делінген министрлік хабарламасында.
*****
Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар арасында сұранысқа ие Қаражыра көмірінің бағасы бірден 1,5 мың теңгеге арзандады. Шілде айында Қаражыра көмірінің тоннасы 17 мың теңге болса, бүгіннен бастап көмірді облыс орталығындағы Береке ықшам ауданынан 15 500 теңгеден алуға болады. Бұл жерде қатты отынның 700 тоннасы бар. Халық арасында Шұбаркөл көміріне де сұраныс жоғары. Оның тоннасы 14 800 теңге тұрады. Мамандардың айтуынша, күзде көмір бағасы қымбаттайды. Осыған орай алдын ала қамданып, көмір түсіріп алған абзал.