Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 02.08.2022

Тәулік тынысы 02.08.2022

1 қазанға дейін Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленуі тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты. Премьер-Министр Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұлттық жобаның көрсеткіштері мен іс-шараларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстардың әкімдіктері ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етсін», - деді Әлихан Смайылов.

*****
Елімізде соңғы екі аптада коронавируспен ауырған адамдардың саны 3,2 есе өскен. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында осылай деді. Оның айтуынша, пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясының 5 толқыны болды.
Сондай-ақ Ажар Ғиният еліміздің 4 өңірінде ревакцинациямен қамту көрсеткіші 55 пайыздан төмен екенін айтты.
*****
АҚШ Қорғаныс министрлігі Украинаның қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін 550 миллион долларға дейін көмек көрсетуге рұқсат бергенін жариялады. Байден әкімшілігінің бұл шешімі 2021 жылдың тамызынан бастап Украина үшін АҚШ Қорғаныс министрлігінің қару-жарақ қорын бөлу бойынша он жетінші көмегі. Осы пакетке Украина тарапының өзін-өзі қорғауға арналған оқ-дәрілер, атап айтқанда155 мм артиллериялық 75 мың снаряд және жоғары мобильді артиллериялық жүйелер үшін қосымша зымырандар (HIMARS) кіреді. Жалпы алғанда Байден әкімшілігі Украинаға 8,8 миллиард долларға жуық қауіпсіздік көмегін берді. 2014 жылдан бастап Вашингтон Киевке қауіпсіздік саласында көмектесу үшін 10 миллиард доллардан астам қаражат бөлді.
*****
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында әуежай салу жоспарланып отыр. Ел аузында «екінші Швейцария» атанып кеткен Катонқарағай ауданына келетін туристер саны жылдан жылға артып келеді. Соған орай онда әуежай салу көзделуде. Бұл жайлы облыстағы әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын баян еткен ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева мәлім етті. «2018 жылы өңірде әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталған. Бүгінде Өскемен мен Семейдегі әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары мәресіне жетті. Жақында Үржар ауданындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды», - деді ол. Айжан Рахымбаеваның айтуынша, қазір әуе айлағының ұшуға жарамдылық сертификатын алу үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Алынған соң әуе рейстері бірден қайта жанданбақ. Демек, тұрғындар Алакөлге ұшақпен қатынай алатын болады. «Катонқарағай ауданында әуежай құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бірақ оның нақты уақыты әзірге белгісіз. Сондай-ақ 2024 жылға қарай Зайсан әуежайын реконструкциялау жұмыстары басталады», - деді басқарма басшысының орынбасары.
*****
Бішкекте 5-6 тамызда қазақ киносының күндері өтеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы биыл қазақстандық кино күндерін 15 шет мемлекетте өткізуді ұсынып отыр. «Бішкек – еліміздің кино күндері өтетін алғашқы қала. Осыған байланысты «Ала-Тоо» кинотеатрында Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» және Айжан Қасымбектің «От» фильмдері көрсетіледі. Әр картинаны оны түсірген команда таныстырады. Мақсат – іскерлік байланысты дамыту және отандық фильмдерді халықаралық деңгейге шығару.