Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 17.08.2022

Тәулік тынысы 17.08.2022

Президент Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған құжат 240-тан астам іс-шараны қамтиды. Олар әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды және өңірдегі өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған кешенді жоспарда инвесторлар тарту, қатты күйінде келетін пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту мен жаңа кен орындарын игеру, геологиялық кластер құру мен оны дамыту мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу жоспарланған.

*****

Келесі жылы жалға және несиеге берілетін 132,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи «Ана мен бала» орталығын ашу жұмыстары жүргізіледі. Ұлытау ауданында аурухана салынады. Сонымен қатар әрбір аудан орталығы мен ауылдарда 26 медицина мекемесі ашылады. Берік Әбдіғалиұлы мәдени-ағарту нысандарын жөндеу және қайта құру туралы да айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделген. Сонымен қатар облыстық маңызы бар 289,5 шақырым жолды, аудандық маңызы бар 112,5 шақырым жолды жөндеу мен қалпына келтіру жоспарланған. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

*****

Конституцияға енген өзгерістерді түсіндіретін кітап шықты. Бұл жайында заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдрасілов ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

*****

Биыл магистратураға түсуге 17 мың жас маман өтініш берген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Құжат қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүргізілді. Конкурс нәтижесі 25 тамызға дейін жарияланады. Биыл магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінген. Бірнеше жыл қатарынан өтініштердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мен «Бизнес, басқару және құқық» сияқты бағыттарға берілді. Грант иегерлерінің есімі жарияланғаннан кейін жоғары оқу орындары құжаттарды 28 тамызға дейін қабылдайды.

*****

Алматы облысы Талғар ауданында 3 млрд теңгеге салынған мектеп 1 қыркүйекте оқушы қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған білім ошағына билік өкілдері барып, шолу жүргізген. Мамандар шатырдан су ағып, төбенің ісініп кетуі, әрлеу материалдарының қабыршықталып түсуі нөсер жаңбырдың кесірінен болған деген қорытындыға келген. Министрліктің мәліметінше, мектеп салуға ақша бөлу және оны қолданысқа қабылдап алу жергілікті әкімдіктің құзырындағы шаруа.

*****

Ал Алматы облысының Білім басқармасы мектеп ғимаратының тек бір корпусында ғана қабырға шытынағанын алға тартады. «BI Global» ЖШС мамандары тексеру жүргізді. Ақауларды анықтап, қосымша материал әкеп, кемшіліктерді түзету жұмыстары басталып кетті. Абаттандыру жұмыстарындағы және шатырдағы кемшіліктер 18 тамызға дейін жойылады. Киім ауыстыратын бөліктегі ақаулар 25 тамызға дейін түзетіледі. 1 қырүйекте мектеп оқушыларды қабылдап, сабақ бастайды», - деп жазылған Алматы облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

*****

Эстония үкіметі ертеңнен бастап елге ресейліктердің эстониялық шенген визасымен кіруіне тыйым салады. Бұған дейін осындай шешімді Латвия, Литва, Чех Республикасы да қабылдаған. Ал Финляндия мен Швеция бүкіл Еуропа одағын Ресей азаматтарына виза беруді мүлде тоқтатуға шақырып отыр. Өйткені олардың ойынша, Мәскеудің Украинаға әскер кіргізуіне Кремль ғана емес, Ресей қоғамы да моральдық тұрғыдан жауапты. Дегенмен Германия мұндай қатаң шараға қарсы. Берлиннің мәлімдеуінше, Еуропа президент Владимир Путиннің саясатын қолдамайтын ресейліктердің елінен кетуіне мүмкіндік беруге тиіс.