Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елімізге саудиялық туристер саяхаттап келеді

Елімізге саудиялық туристер саяхаттап келеді

Қазақстанға Мұхаммед пайғамбардың өмірін бейнелейтін көшпелі музей келеді. Оны Алматы мен Астанада ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар елімізге саяхаттап келетін саудиялық туристердің қатары артады. Олар елімізге бір айға виза алмай-ақ кіре алады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен елімізге жұмыс сапарымен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабианың кездесуінде айтылды. Тараптар екі ел арасындағы туризмді дамыту мәселелерін талқылаған.

*****
Ақтөбе облысының жоғары оқу орындары қандай да бір себеппен баспанасыз қалған студенттерге көмектесуге дайын. Бұл туралы өңір әкімдігінен мәлім етті. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында 4 жоғары оқу орны бар. Мұнда қаладан тыс жерден келген 8 мыңға жуық студент білім алады. «Қазіргі таңда оқу орындарында 4 580 орынға арналған 12 жатақханада 3422 студент тұрып жатыр. Өңірдегі жоғары оқу орны ректорлары қандай да бір себеппен баспанасыз қалған студенттерге көмектесуге дайын екендігі туралы студенттерге хабарлама таратты. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жатақханасында 581 орын, М.Оспанов атындағы БҚМУ жатақханасында 345 орын, Байшев университетінің жатақханасында 147 орын, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің жатақханасында 16 орын студенттер үшін бос тұр.
*****
UEFA Ұлттар лигасы топтық кезеңіндегі Қазақстан құрамасының үздік ойыншысы анықталды. Футбол статистикасы сайтының нұсқасы бойынша С дивизионы үшінші тобындағы барлық құрама ойыншылары арасында қазақстандық Михаил Габышев жоғары рейтингке қол жеткізді. Сондай-ақ, аталған топтың символикалық құрамасына Габышевтен өзге тағы төрт футболшы енген. Ұлттық құрама өз тобында Әзербайжан, Словакия және Беларусьті артқа тастап, бірінші орын алды. Ел құрамасы алты ойынның 4-еуінде жеңіске жетсе, 1-еуінде тең ойнап, 1-еуінде жеңілді. Қазақстандық футболшылар бір тур бұрын В дивизионына жолдамаға қол жеткізді. Оған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жолдаманы сарапқа салуға мүмкіндік алды.
*****
Футболдан Ұлттар лигасында Англия мен Германия 3:3 есебімен тең түсті. Енді алтыншы турдың соңғы ойын күні бүгін өтеді. Ұлттар лигасында Франция А дивизионындағы орнын сақтап қалды.
*****
Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы аясында Ресейде «Локомотив» клубымен кездесті. Үш кезеңде де, одан кейін овертаймда да есеп ашылған жоқ. Тек буллитте «Барыс» қарсыласын қапы қалдырды. Енді астаналық клуб келесі ойынын 28 қыркүйекте Ресейде Мәскеудің «Спартак» командасына қарсы өткізеді.


Фото: inform.kz