Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ахметтің өскен ортасы, замандастары

Ахметтің өскен ортасы, замандастары

Қазақ радиосының «Ұлт ұстазы» хабарына – Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев Ахмет Байтұрсынұлы жайлы сұқбат берді.

Батырлан мырза, өзіңізді ақын, музей қызметкері, Торғай елінің ақындық, жыршылық  мұрасын зерттеуші, жинаушы ретінде танимыз. Ахмет Байтұрсынұлы жайлы «Ұлт ұстазы» хабарында жан-жақты қарастырып жүрміз. Енді бір айтылмаған тұсы –   Ахаңның өскен ортасы, замандастары жайында. Жалпы, кез-келген танымал тұлға жайлы ізденсек, жақындарының, достарының осал болмағанын байқаймыз. «Орта» дейміз ғой. Кейде ортаның мықтылығы азаматтың шыңдалып өсуіне әсері көп. Алдымен Ахаңның тікелей аталарының арасындағы сөзге шешен, мықтыларына тоқталсақ.

Батырлан: Иә, Ахмет Байтұрсынұлының Алаш баласына жасаған қызметінен бұрын, оның алдыңғы буынынан алған тәлімін, өскен ортасынан үйренген үлгі-өнегесін айтпай кетуге болмайды. Ең алдымен айтарымыз Ахметтің тегіндегі тектілік, қанындағы қасиеті. Бұл өзі атаның қанымен, ананың сүтімен сүйегіне сіңген қасиет. Себебі Ахметтің арғы атасы Үмбетей батыр атақты Шақшақ Жәнібектің тубегі болған жан. Бұл кісі, яғни Үмбетей батыр 1717 жылы дүниеге келген. Жас күнінде Жәнібектің ұлы Дәуітбаймен бірге мың бала жасағында болған. Қазақ-Жоңғар соғысында ерекше аталатын Бұланты, Аңырақай сияқты ірі шайқастарға қатысқан Үмбетей батыр ұзақ жасап, 97 жасында дүние салған. Өзі жасынан бері серік болған Дәуітбай тарханмен бірге Е.Пугачев көтерілісіне көмек берген кісі. Осы Үмбетей батырдан Аралбай туады. Аралбайдан Таңбай, Таңбайдан Шошақ, Шошақтан Байтұрсын, Байтұрсыннан Ахмет тарайды. Ахметтің осы аталған аталарының ішінде аты шыққаны Таңбайдың ұлы Шошақ. Жалпы Шошақ бірнеше ағайынды кісі. Осы ағайындылардың ішінде аты шыққан Көбек екеуі. Ел арасындағы ескі жырларды «бірі бай, бірі сардар Көбек, Шошақ, Болыпты оларға да дұспан жасақ» деп келетін өлеңдер бар. Шошақ 1808 жылы дүниеге келген. Патша заманында 37-ші дистанцияны басқарған. Ағасы Көбек екеуі Кенесары ханның көтерілісін қолдағаны үшін патша үкіметінің аңдуында болған кісілер. Бұл жайында сұлтан Ахмет Жантөриннің, Орынбор шекара комиссиясында болған хорунжий Красноярцевтердің толтырған құжаттары сақталған. Шошақ 41 жасында сырқаттанып дүниеден өткен. Жерленген жері Ахмет туған Ақкөлге жақын Сызай деп аталатын қоныста. Сол жерде Шошақ бидайғы деп аталатын жер атауы да бар. Көбек сәл кейіндеу дүние салған. Ол кісінің кесенесі қазірде бар. Ақкөл ауылында іргесінде тұр. Бір өкініштісі бұл кесене әлі күнге дейін еш тізімде жоқ, яғни мемлекет тарапынан қорғауға алынбаған. Біз  Шошақтан Байтұрсын туатынын айттық қой. Ал Көбектен туған Төлебай өз заманында аты шыққан мықты адамдардың бірі болған. Өзі бай, өзі би әрі мырза болған Төлебайға арналған үш жоқтау өлең Ахмет шығарған «23 жоқтау» кітабында берілген. Ахметтің өз әкесі Байтұрсын да осал емес. Ел аузындағы әңгімелерде Байтұрсын Ханғали сұлтан бастаған көтеріліске жасақ бастап барды деген деректер айтылады. Дегенмен бұл жайындағы архив құжаттары табылмағандықтан біз турасына айта алмаймыз. Байтұрсын ағасы Ақтас, інісі Сабалақпен бірге Сібірге 15 жылға жер аударылғаны болса бүгінде Ахмет жайын зерттеушілердің баршасына мәлім дүние.

1885 жылы 12 қазанда Жыңғылды бекеті жанындағы Жаркешу өткелінде Байтұрсын Торғай уезінің басшысы, полковник Яковлевтің басын жарып, осы оқиғаға байланысты  Тосын болысының № 3 ауылынан  тоғыз адам тұтқынға алынып, жауапкершілікке тартылған. Олар: ағайынды  Байтұрсын, Сабалақ, Ерғазы, Ақтас Шошақұлдары, Кәйдек Таңбайұлы, Темірше Кәйдекұлы, Ыбырай Байтөтұлы, Қорғанбек Жантасұлы, Бажақан Тілеушеұлы.

Бұларға 1886 жылы 6 маусым күні сот болып, Шошақ әулетінің үш арысы Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ он бес жылға Сібірге жер аударылады. Қалғандары да әр түрлі мерзімге жазаға кесілген. Сабалақ сол айдаудан оралмай Сібірде қаза тапқан. Елде қалған Ерғазы да ағаларының ісімен жүріп өмірден өткен.  Тағы бара ерекше атап өтетін жай айдауға кеткен Ақтастың соңынан жұбайы Үбіжанның бірге еріп баруы.  Архив деректерінде Торғай әскери губернаторына Георгий Степанович Герасимовскийдің Үбіжанның атынан жазған шағым хаттары да сақталған. Азабы мол, ауыр жолға шыдамаған Үбіжан Сібір жерінде өмірден өткен. Ақтас пен Байтұрсын он бес жылдық мерзімді жазасын өтеп, 1902 жылы туған елге қайта оралады. Ахметтің Семей түрмесінде қамауда жатқанда «оқ тиіп он үшімде ой түсірген, бітпеген жүрегімде бар бір жарам» дейтіні осы Жыңғылды оқиғасына, әкесі мен ағаларының патша үкіметі тарапынан зәбір көруінде жатыр. Байтұрсын 1909 жылы дүниеден өткен. Ақтас 1919 жылдары дүние салған.  «Қазақ» газетінің 1914 жылы 54-ші санында шыққан «Билік» атты мақалада Ақтастың қазақтың ескі жарғы-заңдарын жақсы білетін кісілердің қатарында атап, олардың, яғни, ескі қазақ заңдарының елге әлі де болса қажет екендігін айтады.

Міне, байқасаңыз Ахметтің бойындағы елшілдік, азаттыққа деген ұмтылыс, біз бағанадан бері айтқан Үмбетей батырдан, Кенесарының қолдаушылары болған Көбек пен Шошақтан, патша үкіметінің өкілдеріне қарсы шыққан Ақтас, Байтұрсындардан бастау алып тұр. Біз бұларды Ахметтің шежіресін тарату үшін айтып жатқан жоқпыз, өзіңіз сұрағасын Ахметтің өскен ортасының, көрген үлгісінің қандай екендігін көрсетуі үшін айтып жатырмыз.

Қарпық, Сейдахмет, Ақмолда, Спандияр Ақтасұлы жайлы білсек. Ақтастың ұлы Спандияр да ақын болған деседі. Әкесімен бірге айдауда болған Тілеген атты түрікпен жігіттен естіген бірнеше жырды қазақша өңдеп жырлаған. Спандиярдың «Ахметбек – Жүсіпбек» жырының желісі Ақтас-Байтұрсын оқиғасына ұқсас келеді. Спандияр жасы бойынша Ахметпен, Тұрлығұл Нұртазаұлы Әбіқай ақынмен, Қарабас Есебай бимен шамалас. Әрі әнші, әрі сері болған осы Есебай би сөздің реті келгенде жоғарыдағы жандарды атап келіп: - Біз қатарымыздан бір уыс топырақ артық жаратылғанбыз, - депті. Тарқатып айтсаңыз.

Батырлан: Сіз сұрап отырған Қарпық, Сейдахмет, Ақмолда ақындар Ахмет өскен ақындық ортаның алтын діңгектері деуімізге болады. Мұның ішінде алдымен айтарымыз, Қарпық ақын. Ахмет шығарған «23 жоқтау» кітабында Қарпық ақын шығарған бес жоқтау өлең берілген. Ақтас, Байтұрсын сібірге жер аударылғанда Қарпық көлемді толғау шығарған. Ел арасынды үзінділері айтылып келген бұл туындының толық нұсқасын Алматы қаласындағы орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорынан тауып, баспасөз беттерінде жарияладық та. Қарпықтың тағы бір шығармасы «Марқайыс толғауы» деген атпен Ахметтің «Әдебиет танытқыш» еңбегіне енген. «Әдебиет танытқышта» өзіміз айтып отырған Сейдахметтің де, Ақмолданың да өлеңдері мысал ретінде келтірілген. Ахмет Абай жайлы жазған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында да осы Сейдахмет пен Ақмолданы атап өтетіні бар. Ақмолдаға қатысты тағы бір қызық деректі айтса кетсек. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 14 қыркүйекте шыққан санында Міржақыптың «Қазақ ақыны» деген мақаласы жарияланған. Ол мақалада Міржақып Ақмолда ақын жайлы айта келіп, Ақмолда өз өлеңдерін бастырып шығаруға рұқсатнама қағаз бергенін және  Ақмолда өлеңдерін бастыру правосы Ахмет пен Міржақыпқа ғана тиесілі екені атап көрсеткен. Тағы бір айтар жай біз Ақмолда деп айтқанымыздан көп адам қазақ, башқұрт, татар халқына ортақ Ақмолла Муфтахитдин деп ойлауы мүмкін. Біздің айтып отырған ақынымыз Ахмет туып-өскен Торғай өңірінен шыққан Алтыбас Ақмолда ақын. Бірақ өкінішке қарай қазір Алтыбас Ақмолданың көп өлеңдері білместіктің салдарынан Муфтахитдин Ақмоллаға телініп кетіп жатқаны бар.

Байтұрсынның ағасы Ақтастың ұлы Спандиярда, Спандиярдың ұлы Қасым да ақын болған кісілер. Өкінішке қарай Спандиярдың жазған өлеңдері сақталмай қалған. Спандиярдың әкесі Ақтаспен бірге Сібірде айдауда болған Тілеген атты түрікпен жігіті еліне оралып бара жатқанда Торғайда аялдап, «Бабай көктем» атты түрікпен жырын айтып берген. Спандиярдың шығармалары міне осындай жалпы түрік халықтарына ортақ сюжеттерді қамтиды. Ұрпақтары Спандиярдың шығармалары қатарында «Ахмет бек –Жүсіп бек», «Сейпіл-Мәлік – Жамал» жырларын айтады. Осыған қарап біз Спандияр нәзирагөй ақындардың қатарынан деп шамалаймыз. Белгілі ақын Сырбай Мәуленовтың «Өзен ағысы – өмір ағысы» атты естелігінде былай деп жазатыны бар: «Ақаңның (Ахметтің) ауылында шәкірттері көп болды. Олардың көбі ұстазына еліктеп өлең шығаратын. Ақын болуға талаптанатын. Ақтастың баласы Спандияр көне Үргеніштің бектері Ахметбек, Жүсіпбек туралы дастан жазды. Ол дастанды бір кезде қариялар жатқа айтып жүруші еді». Сырбай Мәуленов Ахметтің туған ағасы Қалидың немересіне үйленген, Ахмет әулетіне жақындығы бар кісі. Қалидан Әмір туады. Сырбайдың алған жамағаты осы Әмірдің қызы Күлжамал. Сондықтан Сырбайдың айтқан деректері қатесіз, анық деректер. Спандияр Кеңестік кезеңде халық жауы ретінде ұсталып Диксен жарты аралында қаза тапқан. Оның ұлы Қасым айдаудан аман келген. Бұл да тәуір ақындығымен көзге түскен. Ел арасында:

Ер жігітке бақ қонса,

Көбейеді көмегі.

Аспан жаққа оқ атса,

Табылмайды дерегі.

Жалғанның пәнда қонағы,

Дем біткен күні өледі.

Алланың досы Мұстафа,

Сыйынамыз күмәнсіз,

Қабыл ед деп Хаққа тілегі.

Тұяқсыз өтті дүниядан,

Не дейміз оның себебі.

Лұқман ұлы ер Дәуіт,

Отыз ұлы қайтқанда,

Қамығып қайғы жеп еді.

Хазіреті Хамзаның,

Кесілген жеті  бәдені.

Базарынан рахымның,

Осыларды ойласаң,

Қалғанның қанша керегі, - деген сияқты терме өлеңдері сақталып қалған. Басқа деректері жоқ. Ахметтің айналасында бұдан басқа айтылатын Есенжол Жанұзақұлы, Иманқұлдың Әбдірахманы, Құбаша Шалбай ұлы секілді ақындарда бар. Ел арасында Ахметке домыбар тартуды үйреткен Есенжол ақын деген әңгіме бар. Ахметтің А.Затаевичке жазғызған музыкалық туындыларының бірі осы Есенжол жыршының мақамы. Есенжолдың

Елетпей көкөрімдей балғындығын,

Танытқан таңғажайып алғырлығын.

Әдейі Ахметке өлең арнап,

Қолыма домбырамды алдым бүгін, - деп келетін өлеңі де сақталған.


Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығымен қатар, дарынды композитор болғандығын елі біледі. Сөйте тұрса да «композиторлық қырын» тиісті деңгейде насихаттай алмай жүрміз. Насихаттау былай тұрсын, «Ахмет композитор болған жоқ» деп үзілді-кесілді айтып жүргендер бар.  Ахмет атамыздың қызы Шолпанмен тете өскен Гүлнар Міржақыпқызы «Елім-ай», «Екі жирен», «Қарагөз» атекемнің  сүйіп салатын әндері болатын дей келе, «...Қазіргі «Қыз Жібек» операсында айтып жүрген «Қарагөз» ариясы – Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы деп жазған екен 1990-шы  жылы   «Ардақтап өтем әкемді» атты мақаласында. Алып қосарыңыз бар ма?


Батырлан: Қазір зерттеушілер Ахметтің қазақ музыкасына қосқан үлесі ретінде А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына берген музыкалық туындыларды ғана айтумен келеді. Бірақ сазгерлігі жайында көп айта бермейді. Басқасын айтпағанда өзіміз тілге тиек еткен «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында берілген «Қалтылдақ», «Тілек батам» атты әндер жайлы айтыла бермейді. Затаевич бұлардың сөзі Ахметтің өлеңдері екендігін жазып көрсеткен. Біздің қолымызда «Қалтылдақ» Ахметтің «Қазақ салты» атты өлеңіне шыққан ән деген деректер бар. Есіңізде болса «Қазақ салты» қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ» деп басталады. Мұның әнін шығарған Ахметтің рухтас інісі Міржақып Дулатұлы. Ахметтің сөзімен айтылатын «Тілек батам» әнін тапсырған Садуақасов Файз сонымен бірге «Анама хат» атты әннің нотасын берген. Бір қызық жай Торғай өңірінде Ахметтің Семей түрмесінде жатқанда жазған «Анама хат» өлеңі өзінің мақам сазымен айтылады. Оны Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде өскен, сол Ахаңның көзін көрген Бекболаттың Ахметі деген кісіден үйреніп, біздің заманымызға жеткізген Жолдыбек Мұқанов деген ақын ағамыз. Осыған қарағанда А.Затаевич еңбегіндегі «Анама хат» әні де Ахметтің шығармасы ма деп топшылауға болады. Ал Гүлнар Міржақыпқызы жазған «Қарагөз» әнін Ахмет Затаевичке романс деп тапсырған. Затаевич бұл әнді тек Ахметтің орындауынан ғана анық үйренуге болады деп көрсеткен.

Ахметтің анық сазгерлігінің көрініс оның «Арман» атты күйі. Бұл күйді Ахаң өзімнің ойымдағы арманыма, алдымдағы мақсатым жетпедім деп өкініштен шығарған екен. Күйді Ахметтің өзінен Ғапбас атты домбырашы үйренген. Ғапбастан халық ақын Нұрхан Ахметбеков үйренген. Нұрхан белгілі домбырашы Сағын Жалмышевке үйреткен. Сағын ағамыз болса қанша жылдар бойы жарыққа шықпай келген күйді Ахмет пен Міржақып ақталғаннан кейін ғана жарыққа шығарып, оны Тұрар Әліпбаев нотаға түсірді. Алдыңғы жылдары шыққан «Тобыл-Торғай әуені» музыка антологиясына осы «Арман»  күйін жарияладық. Қазір сиректе болса сахнада орындалып жүр. Ахаңа қатысты айтылатын тағы бірнеше музыкалық туындалар бар. Бірақ дәл қазір қолымызда айғақ болар деректер болмағандықтан, оны айтпай тұра тұрғанымызда абзал болар. Олар жайында нақты зерттеулерден кейін барып айтармыз.


Сіз қызмет ететін музейдің Ахмет атамыз жайлы тапқан тың деректері, құжаттары бар ма?

Батырлан: Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы бұл ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың ең алғашқы ашқан мұражайы. Мұражай қорында Ахаңа қатысты дейтін бірнеше құнды жәдігерлеріміз бар. Ахметтің ағасы Қали өзінің Жаңыл атты қызын ұзатқанда осы тойға Ахмет пен жұбайы Бәдрисафа арнайы келген екен. Сол келгенде Жаңылға сыйлық ретінде «Зингер» тігін машинесін, тақталап тоқылған кілем мен ет тартатын табақ ала келген. Осы айтылған табақ пен кілем қазір біздің мұражайдың қорында сақтаулы тұр. Бұларды Жаңылдың қызы Қаншайым тапсырған. Сонымен бірге Ахаң шығарған «Тіл құрал» кітабының түпнұсқасы да біздің мұражайдың құнды жәдігерлерінің бірі. 1926 жылы шыққан бұл кітапты мұражай қорына Аққошқар Алпанов тапсырған екен. Мұражайдағы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты айрықша атап өтер жәдігерлеріміз міне осылар.



Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан