Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Абай облысында жемқорлық қаупі басым салалар анықталды

Абай облысында жемқорлық қаупі басым салалар анықталды

Елімізде Республика күні ұлттық мереке ретінде белгіленді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.

*****
Елімізде суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру керек. Бүгін Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров  Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Оның айтуынша, бұл бағытта қолдау мен инвестиция тартуды ынталандыру шаралары өз дәрежесінде жүргізілмей келеді.
*****
Әр шақырымға 2400 теңгеден алып отырған теміржол компаниясын Бас прокуратура тергеп жатыр. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, монополистердің өздеріне берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, баға өсіру фактілері тіркелген.  Соның ішінде «Қазақстан теміржолы» аясында «ЦТС» акционерлік қоғамына қатысты іс бар. Олардың иелігінде 300-ден астам теміржол тұйығы болған. Солар арқылы кәсіпкерлерге қызметтер тым қымбат көрсетілді. Қазір олардың тарифі 13 есе арзандады. Яғни, бұрын әр шақырымға 2400 теңге болса, қазір 169 теңгеге дейін төмендеді», - деді Жандос Өмірәлиев.
*****
Ақтөбе облысының полицейлері 900-ден астам киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz. Жүк Самара – Шымкент тасжолындағы көліктен табылған. Жолаушы жүктердің  өзіне тиесілі екенін және мүйіздерді сатқысы келгенін түсіндірді.  Қораптарда 765 дана киік мүйізі болған, тағы  184  данасы ер адамның тұрғылықты жерінен анықталды. Барлығы 949 дана киік мүйізі алынды. Аталған факті бойынша   сотқа дейінгі тергеу басталды.Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
*****
Абай облысында жемқорлық қаупі басым салалар анықталды. Аймақ әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сыбайлас жемқорлықтың тәуекел картасы жасалды. Аталған тұжырымдама аясында жемқорлықтың алғышарттарын жою және оның деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілмек.. Антикор төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховтың айтуынша, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына Абай облысы бойынша экология, жер, көлік, инфрақұрылым салалары енгізілген. Яғни, жаңа өңір құрылған кезде пайда болатын тәуекелдер ескеріліп отыр.
*****
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында томат пастасын шығаратын зауыт салынады. Агро жобаны отандық және түркиялық инвесторлар бірлесіп жүзеге асырмақ.  Анадолы елінің «Tat Gida» / Тат Гида/ компаниясы әлемдегі қызанақ өндірумен айналысатын алып кәсіпорындардың бірі. Олар Сыр өңірінен өндіріс орнын салмас бұрын 10 гектар жерге қызанақ егіп, тәжірибе жасап көрді. Мол өнімге кенелген соң, зауыт салуға бел буып отыр. Бүгінде 30 гектар аумақта құрылыс жұмыстарын бастауға әзірлік жүріп жатыр. Жоба бойынша жаңа зауыт жылына 24 мың тонна өнім шығарады деп жоспарлануда.
*****
«Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлерін анықтау үшін дауыс беру басталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан қоғамдық даму институты»  ұйымдастырып отырған шара елдегі қайырымдылық мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан Қазақстан ұйымдары мен азаматтарын анықтауға, оларды ынталандыруға бағытталған. Байқау 5 номинация бойынша болады. Онлайн дауыс беру кезеңі jomartjurek.ruh.kz сайтында 10 қазанға дейін жалғасады. Дауыс беру қорытындысы бойынша 50  адам лауреат атанады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Республика күнін мерекелеу қарсаңында өтеді.