“Балдәурен” балалар әндері байқауының жеңімпаздары анықталды!
Қазақ радиосының “Арнайы хабарына”, “Balapan” телеарнасының “Балдәурен” балалар әндерінің жеңімпаздарының ішінен үздік деп танылған 5 әннің ішіндегі Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған, Алтын Махамбетованың “Көкорай көктем” әні тікелей эфирде, радиотыңдаушыларға ұсынылды.
Студияда сұхбат берген ҚР мәдениет қайраткері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері, білім беру ісінің үздігі, “Балапан саз” балалар мен жастар шығармашылығы Қоғамдық Қорының директоры, балалар сазгері Алтын Махамбетова шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісе келе, телефон арқылы байланысқа қосылған әннің орындаушысы Еңлік Байзақты алғашқы жеңісімен құттықтады.
“Balapan” телеарнасының балалар жылы аясында ұйымдастырылған, 2022 жылдың 22 ақпанында жарияланған “Балдәурен” балалар әндер байқауының нәтижесі 21 қазан күні шығып, республика бойынша 28 үміткерден барлығы 109 ән келген.
Өтінім жолдағандар арасында елімізге танымал кәсіби композиторлармен қатар, жаңа авторлардың есімі жарияланды. Үміткерлер жолдаған әндерді білікті қазылар алқасы іріктеп, үздік 5 әннің қатарында: “Қуыршағым”, “Жау, жаңбыр!”, “Әңгелек”, “Балапаным”, “Көкорай көктем” атты әндер танылды. “Balapan” телеарнасы аталған шығармаларға бейнебаян түсіріп, бүгінде телеарна эфирінен көрсетуде.
Сұхбаттың аудионұсқасын төмендегі сілтеме арқылы өтіп,тыңдай аласыздар.
Бағдарлама жүргізушісі: Ләззат Тиышбекқызы.