2022 жыл «ҚАЗАҚРАДИОЛАРЫ» ЖШС үшін табысты болды

2022 жыл қазақстандықтар үшін есте қаларлықтай үміт пен сын-қатерлер және жаңа серпілістер жылы болды. Десек те «Қазақ радиолары» ЖШС үшін табысты жыл болды.
Серіктестікке қарасты Қазақ радиосы жаңа радиомаусымда 20-ға жуық жаңа жобаны әуе толқынына шығарды. Мысалы, радионың негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған «Ұлт ұстазы» жобасын эфирге шығарып, қайраткердің тағылымды тағдырымы мен өнегелі өмірін тыңдаушыларға жеткізді.
Бұдан бөлек, жалпықалықтық референдум мен кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында тыңдаушыларға ақпарат жеткізіп, «Референдум 2022», «Сайлау-2022» тақырыптық хабарларын, «Жадымда қалған сол әуен», «Әлеумет тынысы», «Жаңару жолы», «Ой-түйін» хабарларын эфирге шығарды.
Әлемдегі жылдың маңызды оқиғаларының бірі Қатарда өткен футболдан әлем чемпионатының ойындарын әуе толқыны арқылы тікелей эфирден трансляциялап, футбол ойындарын радиоэфирі арқылы тарату тәжірибесін алғаш рет енгізді.
Шығармашылық бағыттағы ұжымның ортақ жұмысы радиоарналардың ресми рейтингі арқылы жоғары бағаланды. TNS компаниясы ұсынатын апталық, тоқсандық рейтингтерде Қазақ радиосы тұрақты түрде алғашқы үштікке еніп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
2022 жылдың жаңа маусымында «Шалқар» радиосы өз ұстанған бағытын айқындай түсу мақсатында 19 жоба шығарды. Соған орай «Шалқар» радиосы форматына сай толыққанды ұлттық-этникалық радиостанцияға айналды. Радиоарна ұлт болмысын ашатын, мәдениеті мен өнері, ұлт зиялылары мен кино, театр, мәдениет майталамандарының сұқбаттары, мәдениет жаңалықтары мен «Алтын қордағы» құнды материалдар жиі шыға бастады.
«Астана» радиосы үшін де жыл жақсылықтарымен ерекшеленді. Елорданың тыныс-тіршілігін, мәдени-саяси өмірін қала тұрғындарына уақытылы жеткізіп, 6570 сағат бойы тыңдаушының көңілінен шығып келеді. Осы жылы толықтай жастардың арнасына айналып, заманауи музыкаларды алғашқы болып эфирге шығарып келеді.
2022 жылы «Classic» радио арнасы эфиріне 15 жаңа бағдарлама шықты. Мұнда негізінен кинодағы музыка, мәдениет пен джаз музыкасы жайында интеллектуалдық сұхбаттар, Қазақстан Респбуликасының музыкалық өнері туралы және тарихи-мәдени тұлғаларымыз туралы жаңа бағдарламалар тыңдарман көзайымына айналды.
2022 жылы «ҚАЗАҚРАДИОЛАРЫ» ЖШС қызметкрлері 40-қа жуық жүлде мен марапат алды. Атап айтар болсақ, Ұлттық радионы дамытуға үлес қосқаны үшін Серіктестіктің Бас редакторы – «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығына ие болса, «Астана» радиосы ұжымы ҚР Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы алғысын алды. Ақпараттық сараптау қызметінің жетекшісі Алмас Байдрахманов «Үздік интернет және радио материалы үшін» аталымында «Парламент сөзі» сыйлығын жеңіп алса, «Ой-түйін» бағдарламасы «Үркер-2022» ұлттық жүлдесінің «Радиостансадағы үздік жоба» аталымында жүлдегер атанды. Жаңалықтар жүргізушісі Ләззат Ноғайбай мен Қазақ радиосының редакторы Салтанат Сәдібекова, «Шалқар» радиоарнасының жүргізуші-редакторы Ләззат Тиышбекқызы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. "Фильмфэн", "Білім айнасы" хабарларының жүргізушісі Жадыра Жұмакүлбай, Техникалық қызметтің эфирлік дыбыс инженері Лашын Мұратқызы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. "Classic" радиосының аға музыкалық редакторы Киселева Маргарита «Детский альбом П.И.Чайковского» хабары үшін Балалар жылына арналған конкурс лауреаты атанды. Техникалық қызметтің эфирлік дыбыс инженері Ерхат Қойшыбаев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасын алды. Одан бөлек 4 әріптесіміз "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрайымының Алғыс хатын, 20 қызметкер Серіктестік Бас директорының Алғыс хатын алды.
Ескі жылға өкпе жоқ, келер жылдан үмітіміз көп. Есіктен енгелі тұрған Қоян жылында толағай табыстарға жете берейік!