Дара дауыс иесі

Биыл Әнуарбек Байжанбаевтың дүниеге келгеніне — 100 жыл!
Биыл дара дауысты диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 100 жыл. Дауылпаз диктор Қазақ радиосында жарты ғасырдай жұмыс істеді, шәкірт тәрбиеледі, мектеп қалыптастырды, өшпес із қалдырды.
⠀⠀
Әнуарбек Байжанбаев 1923 жылы 26 наурызда дүниеге келді.
Әнуарбек Байжанбаевтың мерейтойы қарсаңында Астана қаласындағы көшелердің бірі Әнуарбек Байжанбаевтың есімімен аталды. Диктордың есімін дәріптеу жұмысы жалғасып, Қазақ радиосы диктордың туған жерінде, радио ұжымы ішінде, эфирде бірқатар шаралар өткізбек.
Өткен аптада «Байжанбаев апталығы” айдарымен Қазақ және Шалқар радиоларынан хабарлар шықса, радионың ресми сайтына Әнуарбек Байжанбаевпен қызметтес болған радио ардагерлерінің естелік мақалаларын да жариялап тұруды жөн санадық.
Қазақ радиосының ардагері Бағдат Мүптекеқызының Әнуарбек Байжанбаев жайлы естелігін ұсынамыз.
«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас редакторы «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев.
Радио-құлақпен қабылдайтын құбылыс болса, сара сөздің тайпалған жүйрік шешені, сөйлеу ырғағы таза, әрі анық, сөз жұтылып кетпейтіндей, асықпай-аптықпай, тіл заңдылықтарын сақтай отырып, көрікті ойдың өңін кіргізіп, әр беріп оқитын, сүйікті диктор Әнуарбек Байжанбаевты бүкіл тыңдаушы сол үшін жақсы көріп кеткен болар. Өмірде қайталана бермейтін өр тұлғамен қара шаңырақ-Қазақ радиосында жиырма жылдай қызметтес болғанда, оның талантына тәнті болып, қарапайымдылығына, сергек көңіліне қайран қала жүріп, әрекідік әңгімесіне араласып кететінбіз.
Ол кісімен алғашқы таныстығымыз, сонау студенттік кезімізде, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының аяғына қарай, Қазақ радиосының Балалар мен жастар редакциясында тәжірибеден өтіп жүрген кезден басталған болатын.Үнемі қолымызда буда-буда қағаз құшақтап «алып кел, барып кел» болып, шапқылап жүрсек те, қашан көрсең бірқалыпты мінезінен танбайтын, мейірімді, ақ сары жүзінен шуақ төгіліп тұратын Әнағаңа сәлем беріп, қасында аз-кем бөгелудің өзі қандай керемет еді!
Бірде, студент жастарға араналған «Ұшқын» Бағдарламасының басшылар қол қойған кезекті хабарын режиссердің қолына тапсыруға үшінші қабаттан төмен түсіп келе жатқанмын, дикорлар отыратын бөлмеден шығып, ақырын аяңдап келе жатқан Әнағаңды көріп, әдеттегідей, сәлемдесе бергенім сол еді, «қалқам, біраздан бері өзіңді жиі көріп жүрмін, жоғары курстың студенттерінің бірісің-ау, шамасы, қай жердің баласы боласың?» деп, сыпайы сәлемдесіп, қасыма жақындап келді.
– Иә, аға, журфактың төртінші курсында оқимын. Алматының арғы жағында, Шелектенмін ғой.
– А, солай ма? «Бедіренің» қызы екенсің ғой!
– Иә, аға, мен сол өте үлкен «Бедіреде» тұрамын!
– Сөзіме қарағанда, мені түсіндің-ау, деймін, қу қыз! - Әнағаң рахаттана бір күліп алды да «біздің Семей жақта орыс сөзінің қазақшаланып кеткен мысалдары өте көп. Соның бірі осы «бедіре», бұл жақта оны көбіне түсіне бермейді» деді.
– Біздің Қарағанды, Қарқаралы өңірінде де су құятын шелекті «бедіре» дейді, аға, ал мына жақта үлкен бір ауданның аты осылай аталады екен, мен төртінші класқа өткенде осы Шелекке көшіп келгенбіз, мектепте оқып жүргенде ол жақта сабақ беретін оқытушыларымызды мұғалім деп атасақ, бұл жерде «апай», «ағай» дейді екен, қызық,- деп, әрнәрсені сөз етіп, Әнағаның жас буынға деген қамқорлығын, ақыл сөзін тыңдап, біраз тұрып қалғаным бар.
Ол кісімен жақынырақ танысудың сәті, «Ауыл өмірі» Бас редакциясына жұмысқа келген сонау 80-ші жылдардың басында сырқаттанып, жаны қиналып жүрген тұсқа тап келген еді.
Әнағаң Қазақ радиосының күнделікті жұмысына келіп-кететін қатардағы жай қызметкері емес, осында бірге жүрген әріптестерімен қатар, киелі шаңыраққа бас сұққан әрбір жанның жан жылуы, көз қуанышындай көрінетіндігін, ол кісі біраз уақыт ауруханада емделіп жатқанында анық байқалды. Күн сайын бір-бірімізден Әнекеңнің хал-жағдайын сұрасып, тезірек сауығып кетуін күтіп жүргенде, қарапайым тыңдаушылардың өздері де жиі телефон шалып, алаңдап жүргендігін талай естідік.
Тәулік бойы тыным алмайтын радионың «нағыз шеберханасы» екінші қабатта болатын. Дыбыс жазу студиялары, дикторлар бөлмесі, хабар жасалатын қаз-қатар тізілген бірнеше бөлмеде сапырылысқан жұрттың қарасы қашанда қалың. Әдеттегідей, жексенбі күнгі берілетін әдеби-сазды жарты сағаттық «Дала шұғыласы» радиожурналымды қолыма ұстап, режиссеріміз Тоқтарбек Қамшыбаевқа жолығуға келе жатқанмын. Ұзын дәліздің түкіпірінде аяғын сәл сылтып басып, қолына таяқ ұстаған Әнағаны көзім шалып қалды. Қуанып кеттім! Жақындап қалғанда байқадым, баяғы алпамсадай алып дене кішірейіп, қушиып қалғандай көрінді, жүрегім сыздап кетті. Менің толқып, ыңғайсыз күй кешіп тұрғанымды байқаған болуы керек, зерек жан түк болмағандай, баяғы қалпымен еркін тіл қатты.
- Әй, «бедіренің қызы», қалайсың қалқам, бері келші»- деді, күлімсіреп.
-Ауырып тұрдым деуге келмес, «аунап тұрдым» дегендей, жанымнан қалмай жабысып жүретін соғыстан қалған ескі «досым» ғой, жас келген сайын жиі мазалайтын болып жүр. Ештеңе етпес, қалқам, қорықпа. Тек артық майларымнан біраз арылдым, «ер арыса-әруақ» деуші еді, бұрынғылар, осы жолы қатты жүдеген секілдімін, киімдерімнен байқап жүрмін. Жүре ғой, жұмысты да, қыздарды сағынып қалыппын, жақсы хабар жазып әкелдің бе, «бедіренің қызы»? Сен Тоқтарбекті тауып кел, мен Гүлхан, Базаркүлдерге де көрініп шығайын,- деп, біздің редакция хабар жасайтын төртінші аппарат орналасқан бөлмеге қарай бет алды.
Әдетте, сабырлы, әр сөзге өте жауапкершілікпен қарайтын Әнағаң Тоқтарбек аға екеуміз келгенде, хабар жасалатын бөлмені жарқыратып, әзіл-қалжыңға толтырып отыр екен. Біраз адам жиналып қалыпты, дауылпаз дауыс иесіне деген жүрек жарды тілектер бір арнаға тоғысып, тыныштықтың тынысы кеңігендей көрінді. Алайда, жұмыс тәртібін, айтқан сөзін бір сәтке ұмыт қалдырмайтын Әнекең қасымдағы режиссер Тоқтарбек Қамшыбаевты көре сала, орнынан тұрып, бізді студияға бастай берді.
Әр хабардың өз сазы, өз лебі, сөз саптауын шығарманың иесінен тани білетін сұңғыла жан студияға кіргенде-ақ, қағазға басылған мәтіннің бас жағына үңіле қарап алып, қалған беттеріне көз жүгірте сүзіп өте шыққанда, оның мән-мағынасын бірден байқап қояды. Автордың ойын айқындап тұратын сөз тізбегін сыдырта жөнелмей, үйлесім мен үндестікті тауып алып, оң құлағын қолымен көлегейлеп қойып, майда қоңыр дауысымен желдірте оқығанда, оның жүрегін жарып шыққан хабары, тыңдаушысының жүрегіне бірден жететін шеберлігін айтсаңшы!
Сүйкімді кең диапозоны әрбір хабарды қанаттандырып, сүйектен өтер сөзді заңғар көктегі қыранша құйқылжытып, еркін қалықтатады.
Осы жолы да алыстағы ауылда абыз ақсақалдың бабадан қалған бағзы мұраны ұрпағына аманаттап тұрып, шешіле сөйлеген шешендік өнеріне риза болды ма, әлде осынау кезеңде өткерген өткелге толы талай жыра-жықпыл, қыр-қияға толы өткен өмірі ойына оралды ма, студиядан көзі жасаурап шықты.
Жұма сайын түс ауа мойнымдағы хабарларымды тездетіп тапсырып, ауыл жаққа «тайып» тұратын әдеттегі «сылтауларыма» сендіре алмадым ба, Бас редакторым Абай Өтегенов бұл жолы түстен кейін жұмыстан босатпағанын ойлап, жүзім жабырқау тартқанын сергек Әнағаң бірден байқап қалды, «манадан бері мазаң болмай жүр ғой, қалқам, жасырмай айта ғойшы, «менің бедіремнің қызын» ренжітіп жүрген кім екен, а?» деп, жас балаша еркелетіп, басымнан сипағаны сол еді, көз жасым төгіле берді. - Әнаға, мен әкемді жеті сайын көрмесем, қатты сағынамын, тиіп тұрған жерге жібермей қойды, мына «Дала шұғыладан» кейін жасайтын хабарым жоқ. – Ой, айналайын, әке мен қызының бір-біріне деген сүйіспеншілігін ешнәрсе айырбастай алмайды, оны Гаухар қызымның маған деген шексіз құрметі, махаббатынан жақсы білемін. Мына хабарыңда ауылдың ақсақалы жайлы толғана жазыпсың, жүйкемді босатып-ақ жібергені! Білесің бе, менің Нығметжан әкем кезінде ұлы Абаймен аралас-құралас, дос болған адам. Бірде Абай: «Ныға, достық тек істе ғана танылады. Сенің шебер екеніңді білемін, ендеше Семейден бір үй салғыз да, кейін шын иесі болып қалсаңшы» деп, айтқан тілегін орындап, Ертіс өзеніне таяу, қаланың ортасынан үй салдырып, біраз уақыт жатақ болып тұрғаны, жақсының батасын алғаны бар. Алайда, қартайған шақтарында ағасы Ризахметтің қызмет бабына қарай Жамбыл жаққа, жаңа мына хабарыңда жазғандай, Шу өңіріне қоныс аударған. Абыз қариялар азайып барады, ақылы дария қарттың айтқандарын оқып отырып, есіме түсіп кетті. Саған бір ақыл айтайын ба? Осы күндері елдің ықыласына бөленіп, эфирден жиі беріліп жүрген ақын Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған Досқан Жолжақсыновтың «Ауыл қарттарына» деген әнін осы хабардың арасына салыпсың, соны жоғарыға көтеріл де, Абай бастығыңның кабинетіндегі аппаратқа апарып қой да, кетіп қал! Қалғанын өзі біледі, жарай ма, қалқам?» Мен үнсіз басымды изеп, тапсырманы орындауға кеттім. Шындығында, хабар жасалып бітіп, істейтін шаруа жоқ, машинканы ермек етіп отырған менің қасыма келген Абай аға «Әй, жаман қыз, осындай елдің есіне келе бермейтін дүниелерді қайдан ғана тауып ала қоясың, тез жинал да ауылыңа кете бер» дегені. Міне, адамдардың жүрегіне жол таба білетін сергек, ақ жарқын мінезіне ақылы сай, Әнағаның қарапайым қалпы, мол шарапаты талай жанға шуағын шашақаны анық.
Ол кісі өз ісіне келгенде, томағасын сыпырған бабындағы қырандай қомданып, жазылған дүниенің ішіне бірден еніп кететін. Тыңдаушысын жалықтырып алмаудың сан түрлі амалын тауып, көркем ойды құбылтып, анық, қоңыр дауыспен тақырыбына қарай икемдеп отыратын. Қазақтың шетсіз де шексіз дариядай толқын сөзінің нақышын, бай ойнақылығын, қорғасындай салмақтылығын, алмас қылыштай алғырлығын түсіне білген, кәдеге жаратқан жан.
Әнаға әсіресе, әдеби-сазды жарты сағаттық «Дала шұғыласы», бір сағаттық «Кең өріс» Бағдарламаларына келгенде бір сөзді бір сөзге жанып, бір сөздің бір сөзге сәулесін түсіріп, шарт-шұрт соғып, жарқылдатып, жанып отыратын да, хабарды мүдірмей, айызыңды қандырып оқиды ғой, шіркін! «Дала дидары», «Ел суреттері»...дейсің бе, айналып келе беретін алуан тақырыптағы қаншама хабарды оқып отырғанда, режиссердің ол кісіні шаужайынан алып, тоқтатқанын бірде-бір рет кездестірген емеспін.
Кейбір автордың кедір-бұдыр сөздерінің «тігісін жатқызып», құбылтып, құлпыртып оқығанда, жорға аттың жүрісіндей, білінбей өте шығатынын қайтерсің!.. Толассыз түсіп жататын хабарды бір-біріне ұқсатпай, баяндалып отырған оқиғаны мейлінше жетік біліп, түсініп, сүйіп, біліп, көрікті ойдың өңін кіргізіп, әр беріп оқығанда, ол – сол хабардың авторы екен деп қаласың!
Орыс театр өнерінің атасы Станиславскийдің: «Дұрыс сөйлеу дегеніміз-көңіл көзімен суретті образ жасау» дегені, табиғи талант иесі, халыққа ең танымал, елге әйгілі дауылпаз дауысты диктор Әнуарбек Байжанбаевқа арналып айтылғандай.
Дара дауыс иесі, көңіл көзінің суреткері – Әнағаның қазақтың есінде қалған киелі қасиеті, құдыретінің сыры да осында болар!
Бағдат Мүптекеқызы, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, «ҚР «Наурыз-2021» Тұңғыш Ұлттық сыйлығының» иегері, «ҚР Құрметті спорт қайраткері», «Қазақ радиосының үздігі», «Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы», «Ұлт қайраткері».