АЛМАТЫДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кезекті отырысы басталды.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, ҚХА Хатшылығының инспекторы Құлжан Мұхтар, "Қоғамдық келісім" РММ директорының орынбасары Әлия Сапарова, сондай-ақ журналистер, өңірлердегі "Қоғамдық келісім" КММ баспасөз хатшылары мен қызметкерлері қатысты.
Журналистер клубы отырысының жұмысы ашық диалог форматында 2 секция бойынша өтті. Қатысушылар жалпыұлттық бірлік пен келісімді одан әрі нығайтуға, қазақстандық қоғамдағы этносаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған тиімді ақпараттық-түсіндіру қызметінің тәсілдері мен тетіктерін талқылады.
Іс-шара аясында семинар-тренинг өткізіліп, онда сарапшылар коуч ретінде сөз сөйледі.
Жиын барысында Түркістан облысы ҚХА Журналистер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек өңірдегі этносаралық қатынастарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өз сөзінде клуб төрағасы өңірде бірлікті бекемдеу мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен "Жол-жөнекей" телебағдарламасы эфирден жүйелі беріліп келе жатқанын және этностар арасындағы достықты дәріптеген "Шаңырақ" кітап-жинағының жарыққа шыққанын атап өтті. Бұл орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов Түркістан облысында этносаралық татулықты сақтау бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, өңірдің тәжірибесін республика көлемінде кеңінен енгізу керектігін айтты.
Сондай-ақ жиында сөз алған Түркістан облысы ҚХА Журналистер клубының мүшесі, «Turkistan Media Holding»
холдингінің басқарушы директоры Тельман Бейсен депортация жылдары Қазақ жеріне тағдыр тәлкегімен қоныс аударған түрлі этностардың өткені мен бүгіні туралы тарихи деректерді БАҚ да көбірек жариялаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте, өткен ғасырда қоныс аударған этнос өкілдерінің қатары бүгінде сирегенін, олар туралы сұхбаттар, сериялы деректі фильмдер топтамасы жасалса деген ұсынысын айта келе, оның мемлекеттілікті нығайтуда құнды қазына болатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, аталған шара 24 қарашаға дейін жалғасады.