Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады - Президент

Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады - Президент

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді деген пікір айтты.

Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды.


– Өнім сақтау инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде элеваторларды, көкөніс, жеміс-жидек қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуға тиіс. Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді. Орталық Азия арқылы логистиканың жаңа бағыттарын дамыту және Қытаймен арадағы қазіргі көлік бағдарларының жүк өткізу мүмкіндігін арттыру ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі бола алады. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады, – деді Мемлекет басшысы.


Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, «білім – ғылым – өндіріс» үштаған жүйесі аясында ғылым саласын реформалауды бастады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысар еді.