Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жол сапасына байланысты 10 айда 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен

Жол сапасына байланысты 10 айда 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысының сөзінше, 2025 жылдың соңына дейін 3,6 мың км жолды күрделі жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін ұзындығы 4,7 мың км болатын жаңа жобаларды іске асыру басталады.  


«Осылайша, 2030 жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәлізін жаңғырту жұмыстары аяқталатын болады. Басты мәселе – жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету», — деді Премьер-Министр.


Үкімет басшысы жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себепші болып отырғанын айтты. Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп. Тек осы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті.


«Мысалы, жол азабын тартқан Қостанай облысының тұрғындары “Ұзынкөл” станциясы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстырады және Ресейге қарай транзиттік жол болып табылады. Биыл Ақтөбе облысының “Жұрын” станциясы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жатқан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап етіп келеді. Мұндай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі», — деді Әлихан Смайылов.


Жоғарыда айталғандарды ескере отырып, Үкімет басшысы автомобиль жолдарына қатысты барлық жоспарланған жобаның уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, битумды сақтау инфрақұрылымын құру бойынша шаралар қабылдауды, оны сақтау және пайдалану технологиясының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.


Фото: egemen.kz