Ахмет Байтұрсынұлы – Қазақ радиосының атасы
Бүгін қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы һәм реформаторы, ұлттық журналистиканың оның ішінде радионың негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Қазақ радиосының негізі 1921 жылы қаланды. Қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынбор қаласында жұмысын бастаған арна қызметі бұқара халықтың сауатын ашуға бағытталды. Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен қазан айынан бастап әуе толқыны арқылы радиобюллетень беріле бастады. Қазақ радиосының алғашқы үні граммофон мен күйтабақ түрінде қазақ даласына тарады. «Владимир Ильич А.Байтұрсынұлы мен С.Пестковский екеуін қабылдап, сөзін тыңдайды, өлкені басқару жөнінде бірнеше нұсқау жасау керектігін, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон мен күйтабаққа жазып, халық арасына тарату қажеттігін айтады (В.И.Ленин о Казахстане, 313-б). Радио тарихын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы өзінің зерттеу еңбектері арқылы Қазақ радиосының іргетасын Алаш көсемі А.Байтұрсынұлы қалағанын нақты дәлелдеді. Қазақ радиосы 1926 жылдың қазанынан бастап Орынбордан кейінгі астанамыз – Қызылорда қаласында 1931 жылдың мамырына дейін хабар таратты.
Алғаш қазақ даласына Қазақ радиосының хабарлары граммофон мен пластинкалар арқылы таратылды. Бұл істе Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесі қомақты болғандығын жоғарыдағы деректер дәйектейді. Осылайша, қызметін өте қарапайым құрылғылардан бастаған Қазақ радиолары бүгінде ғасырлық межені артқа қалдырып, уақыт талабына сай заманауи ақпарат құралы ретінде дамып келеді.