«Жайлы мектеп» жайлы
Қазақстанда мектептердің жетіспейтіні бұрыннан айтылып жүр. Бірақ оны шешудің жолы қиын болатын. Себебі ірі қалалардағы урбанизация, халықтың көші-қоны, демографиялық «бум» – осының бәрі мектеп мәселесін біржақты етуге мүмкіндік бермей келеді. Бала туу санының көбейгені еліміз үшін өте тамаша жаңалық қой. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді халқымыз мұндайда. Алайда біздің мектептеріміз артық болмақ түгілі жетпей жатыр емес пе?
Осы орайда Мемлекет басшысы "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында озық ұлт болу жолында білімнің алар орнын атап өтті. Бұған дейін де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы айтып, оның іске асуы 2023-2025 жылдар аралығы деп бекіткесін, атқарушы билік іске кірісіп кетті. 2025 жылға дейін жалпы саны 800 мың орындық мектеп салынуы тиіс. Ол, әсіресе, апатты, үш ауысымды мектептер мәселесін шешуі тиіс («шешуге тиіс» емес. – Авт.). Балапанды күзде санайды десек те, әлде шыдамсыздық, әлде сенімсіздіктен бе, білмеймін, санақты бүгін бастап кеттік. Сонымен «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы бойынша қанша мектеп салынып жатыр, қаншасы пайдалануға берілді? Оның басқа мектептерден айырмашылығы неде? Бұл дискриминация емес пе? Осы сынды толып жатқан сұрағымызды ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Инвестициялық жобалар басқармасының басшысы Жайық Мақсотовқа қойған едік. Хабарды жүргізген - Жанболат Шәкім.
Айтпақшы, бұл туралы «Мінбер» хабарында қозғадық. Эфирдің сілтемесі «Қазақ» радиосының әлеуметтік желілердегі парақшаларында және өзіміздің ресми сайтта тұр.