Жәнібек Жұмағұловқа қатысты жаңа деректер шықты
"Бармысың, бауырым?" хабарының редакциясы апта сайынғы хабар барысында Jany Eddy J Saveliev, яғни Жәнібек Жұмағұловқа қатысты іздеу жұмыстарының нәтижесін жариялап отыр.
Бұған дейін “Бармысың, бауырым?” редакциясы зерттеу мақсатында Арқалық қаласына барып келгенін жазғанбыз. Қазір аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Жәнібектің анасы болуы мүмкін деген 10 әйел зерттеу нысанына алынды. Қылмыстық іс аяқталмайынша маңызды мәліметтерді айта алмаймыз. Осы ретте іздеу шараларына қол ұшын созған Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлына, қалалық полиция басқармасының басшысы Орал Тумырзаұлына, полиция қызметкерлері Мәди, Айбат, Саят, Бекназар сынды азаматтарға және әріптесіміз Бағдат Мұхтарұлына алғысымызды білдіреміз!», - деді хабар жүргізушісі Қымбат Досжан.Сонымен қатар редакцияға «Айгүл» есімді келіншек хабарласқан. Ол «Мен Жәнібектің анасы болуым мүмкін» дейді. Оған ДНҚ сараптамасы жасалған. Әзірге редакция ДНҚ нәтижесін күтіп отырғандығын айтты.
Назар аударыңыз, 2001 жылдың күз айларында, 2002 жылдың қыс айларында Арқалық қаласында босанып, баласынан бас тартқан, шарасыздықтан перзентханадан заңсыз түрде қашып кеткен немесе босанғанда баласы шетінеп кеткен әйел болуы мүмкін... Сіздер туралы мәлімет құпия түрде қабылданып, зерттеледі, хабарласыңыздар. Редактор Әсел Асқарқызы сіздерден хат-қоңырау күтеді, байланыс нөмірі: 8- 771- 321 -97-86.