«Ұлттық қор - балаларға» – 18 жасқа толған балалар қаражатын алып жатыр
«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында 18-ге толған 63 бала қаражатын алып үлгерді. Бұл туралы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарушы директоры Мұрат Шәріпов айтып берді.
Жыл басынан бері бағдарлама аясында 6,9 млн баланың есепшотына 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылды.
«Осы 6,9 млн баланың 304 815-і биыл 18 жасқа толады. Сондықтан ол азаматтардың жинақтаушы шоттарына нысаналы жинақтар ретінде ақша түсті. Бағдарлама жүзеге асырылған 9 күнде БЖЗҚ-ға жүзден астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде білім беру ақысын төлеу туралы 54, тұрғын үй жағдайларын жақсарту туралы – 49 өтініш бар. Әзірге 63 өтініш орындалды, белгіленген банк шоттарына төлемдер жүргізілді, 21 өтініш қарастырылуда», - деді М. Шәріпов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, спикер 19 өтініштің қабылданбау себебін түсіндірді.
«Кейбір азаматтар бірнеше өтініш берген, сомасын немесе деректерін қате көрсеткен. Олар өтініштерін түзеп, қайта бере алады. Толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған», - деп түсіндірді ол.
Дереккөз: inform.kz