Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

СҚО-да Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр

СҚО-да Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзені бір тәулікте 119 см-ге көтерілді.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнның Тоқсан би ауылының маңынан өтетін Есіл өзенінің деңгейі соңғы 2-3 күнде 3 метрден артық көтерілген. Бұл жерде мұз көтеріліп, қозғалды.

Есіл өзені төмен қарай Шал ақын ауданының Крещенка елді мекенінің маңында бірден 30 см-ге көтерілді. Мұнда су мұз үстіне шықты. Покровка елді мекені маңында 11 см-ге, Долматово ауылының жанында өзеннің су деңгейі 14 см-ге өзгерген. Сергеев су қоймасында да өзгеріс бар, бір тәулікте 19 см-ге артып, күн жылынғалы су деңгейі 43 см-ге көтерілген. Қазір бөген 89 % толық.

Өңірдегі шағын өзендердің де суы көтеріліп келеді. Мәселен, Возвышенка елді мекені маңындағы Ақанбұрлық өзенінің деңгейі бір тәулікте 29 см-ге, наурыз айының соңынан бастап 2 метрге толыққан. Бірақ әзірге қауіпті деңгейге жеткен жоқ.

Бұған дейін Аққайың ауданы Северное елді мекені маңында Шағалалы өзенінің бір тәулікте 1,5 метрге көтерілгенін айтқан едік. Қауіп сейілді. Өткен тәулікте мұндағы су деңгейі 33 см-ге түсті.


Фото: qyzyljarnews.kz