Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Орман қорының 2% ғана өртті ерте анықтайтын жүйе бар – Үкімет басшысы

Орман қорының 2% ғана өртті ерте анықтайтын жүйе бар – Үкімет басшысы

Мемлекеттік орман қорының 2%-ы ғана орман өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Бұл мәселені ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов көтерді.

«Бурабай» ұлттық паркі аумағында қолданысқа енгізілген смарт-жүйенің арқасында соңғы жылдары ондағы өрт оқиғасы айтарлықтай қысқарды және өртке қарсы шұғыл әрекет ету жұмыстары күшейтілді. Бұл тәжірибені басқа да табиғи парктер мен резерваттарда қолдану керек», - деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ол орман және табиғатты қорғау мекемелерін өрт сөндіру техникаларымен жарақтандыру қарқыны мардымсыз екенін атап өтті.

«Біз бұған өткен жылы көз жеткіздік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттардың тапшылығы орман қоры мен даланы әуеден толық тексеруге мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда мұндай аппараттарды жасап шығаратын кәсіпорындар бар. Заманауи техникалар мен табиғи өрттерді сөндіру құралдардың болмауы қызыл жалынмен күресте шұғыл шаралар қабылдауға кедергі келтіреді. Бұл мәселелердің барлығы кешенді шешімдерді, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді», - деді Үкімет басшысы.

Әкімдіктер елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен өртке қарсы ерікті құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелері күнделікті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.

«Экология министрлігі мен атқарушы органдар бұрын болған өрттердің тәжірибесін ескеріп, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қойсын. Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, су көздері мен өрт сөндіру тоғандарын дайындау қажет. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктері мен әкімдіктерге табиғи өрттерге қарсы шұғыл әрекет ету бойынша көрші елдердің шекара маңындағы аумақтарының тиісті қызметтерімен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.