Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусь Республикасы Ұйымның толыққанды мүшесі болды. Мемлекет басшысының атап өтуінше, Беларусь ШЫҰ-ға толыққанды мүше болу жолында қажетті рәсімдердің бәрін орындаған.
«Шанхай рухын нығайту және Шанхай принциптерін ілгерілету арқылы біз ШЫҰ-ны ең беделді халықаралық құрылымдардың біріне айналдырдық. Біздің бірлестігіміздің бірегейлігі мен орасан зор әлеуетінің арқасында әлемде оған деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Бүгін Астанадағы саммитте ұйымымызды одан әрі кеңейту туралы маңызды шешім қабылданады. Осыған байланысты Беларусь Республикасының Президенті құрметті Александр Григорьевич Лукашенкоға қош келдіңіз демекпін», - деді саммит барысында Қазақстан Президенті.
Беларусь Республикасы 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысып келеді. Бастапқыда диалог бойынша әріптес болды, кейін бақылаушы мәртебесін алды.