Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстанның энергетика жүйесі Ресейге тәуелді болып қалмай ма – Энергетика министрінің жауабы

Қазақстанның энергетика жүйесі Ресейге тәуелді болып қалмай ма – Энергетика министрінің жауабы

«Росатомның» Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың тізімінде болуы Астананы Мәскеуге энергетикалық тұрғыдан тәуелді ете түспей ме? Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке Астана тұрғындарымен кездесу алдында өткен баспасөз мәслихатында осындай сұрақ қойылды.

«Біз қандай бір елге тәуелдіміз немесе тәуелді емеспіз деп айтпаймыз. Өзара қуат алмасу арналары бар екені түсінікті. Екі арада коммерциялық тұрғыдан негізді болып есептелетін өзара энергия тасымалы бар. Өзара резервтеумен байланысты режим жүйелері бар. Қазір Қазақстан ғана емес, барлық елдер өз энергетикалық жүйесінің тәуелсіздігіне, жүктемені өзіндегі қуат көздерімен жабуға, қажет болған жағдайда автономды режимде жұмыс істеу мүмкіндігіне басымдық береді. Яғни, бұл біздің жоспарлау жұмысымыздың бір элементі. Сондықтан да біз Қазақстан аумағында ауқымды түрде қуат көздерін іске қосып жатырмыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ, ол мұнай экспортында да бір ғана маршрутқа тәуелділіктен арылу жолдары пайда болып келе жатқанын айтты.

«Мұнай тасымалына келсек, бізде Ресей аумағынан бөлек Қытайға экспорттау мүмкіндігі бар. Транскаспий көлік маршрутын дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқардық. Бізде Әзербайжан тарабымен «Баку-Супса» экспорттық мұнай құбырына пайдалану бойынша келісім бар. «Тбилиси-Жейхан» бағытымен мұнай жеткізуді қазірдің өзінде бастап кеттік. Теміржол арқылы Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндігі бар. Біз балама жолдарды көріп отырмыз және сіз көтерген мәселені назарда мықтап ұстап отырмыз», - деді Энергетика министрі.


Дереккөз: inform.kz

Фото: orda.kz