«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты енді волонтерлерге де беріледі
Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Грант бағыттарының тізбесіне «волонтерлік» қосылды.
Осылайша грант 6 бағыт бойынша беріледі. Оның ішінде «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа», «Волонтерлік» бағыттары бар.
Грант мөлшері – 3 млн теңге. Оған конкурстық негізде 14 жастан 35 жасқа дейінгі (34 жыл қоса алғанда) қазақстандықтар үміткер бола алады. Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 5 тамыздан 6 қазанға дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қ.Қамбаровтың айтуынша, «Тәуелсіздік ұрпақтары» негізінде өңірлік гранттар беру де қарастырылып жатыр.
«2024 жылы жастар бастамаларын қолдауға жергілікті бюджеттен 200-ден астам өңірлік «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру көзделген, оның ішінде 36-ы табысталды. Бұл ретте әкімдіктер гранттың саны мен мөлшерін дербес бекітеді. Осы жылдың соңына дейін 150-ден астам грант беру жоспарлануда», - деді спикер.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі