Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді заңмен міндеттеу керек
Депутат Ринат Зайытов «Тұтынушылар құқығын қорғауға қатысты» заң жобасын таныстырған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің баяндамасында мемлекеттік тіл туралы жанама айтылғанын баса айтты.
"Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергіміз келмейді. Сондықтан заңда нақты жазылу керек. Кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті деп заңға жазу керек. Менің намысыма тиеді. Маған десе 5 тілде қызмет көрсетсін. Бірақ Қадыр атамыз айтпақшы, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте", - деді депутат.
Сауда министрі Арман Шаққалиев заң жобасында қазақ тіліне қатысты функция барын айтады.
“Мәселен, сіз қазақ тілінде қызмет алғыңыз келсе, сізге міндетті түрде қызмет көрсетеді. Егер олай болмаса, тұтынушы ретінде арыз жазатын құқығыңыз бар. Екінші оқылымға дейін бұл мәселені қайта қарайтын боламыз, – деп жауап берді министр.
Фото: orda.kz