Мемлекет басшысы №23 жаңа өрт сөндіру бөліміне барды
Қасым-Жомарт Тоқаев елордада қысқа мерзімде бой көтерген өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Мұндағы өрт сөндірушілер 96 мыңнан астам тұрғыны бар Алматы ауданына қызмет көрсетеді.
Бөлімнің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аумағына «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабы, сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті және «Нұрлы жол» вокзалы сияқты маңызды нысандар кіреді.
Президентке өрт сөндіру және құтқару операцияларына арналған заманауи жабдықтар көрсетілді. Сонымен қатар биік ғимараттардағы өртті өшіруге пайдаланылатын дрондардың жұмысы таныстырылды.
Мемлекет басшысы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен сөйлесіп, осындай заманауи модульді өрт сөндіру деполары еліміздің барлық өңіріне қажет екенін және аталған жобаның аясы кеңейтілетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан салынған екі қабатты жатақхананы аралап көрді. Сондай-ақ жатақханаға қоныстанған өрт сөндірушілердің отбасыларын құттықтады. Бұдан кейін №23 жаңа өрт сөндіру бөліміне спорт жабдықтарын сыйға тартты.