КИІМ ПІРІ – КИМЕШЕК

Астанада белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» көрмесі ашылды.
Елордада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ-нің қолдауымен өткізілген іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық бас киімін дәріптеу. Көрмеге Тілек Сұлтанның қолынан шыққан сәнді ұлттық бас киімдер мен еліміздің түрлі аумақтарының өзіндік ерекшеліктерін айшықтайтын кимешектер қойылды. Танымдық шеберлік сабақтан кейін көрме ашылды.
Тағылымды іс-шараға ҚР Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаев, Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Мұхамед Болысбек, «Resbuplica» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Шыңғыс Түсіпбаев, Қырғызстаннан арнайы белгілі этнодизайнер Асел Калканова, танымал зергер, реставратор Берік Әлібай, белгілі мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбай, жазушы-сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы, актриса, әнші Айнұр Жүгінісова және басқа да қадірменді қонақтар, зиялы қауым өкілдері, қала жұртшылығы қатысып, ыстық ықыластарын жеткізді.
Қазақта кимешекті екінің бірі кимеген. Тілек Сұлтанның сөзінше, тіпті, өмірінде кимешек киюге зар боп өткен әйелдер де болған. Неге десеңіз, кимешек киюдің бір қағидасы – әуелі бір баласы өмірге келуі керек. Сонда ғана баласын тамақтандыруға, т.с.с. себептермен киюге негіз болған. Үлкен апаларымызда да дәл солай. Олардың кимешегіндегі ою-өрнектері мен безендірілуіне қарап, жас шамасын, қай жерден екенін, әрі қандай құрметке ие екенін білетін болған.
Этнографтардың зерттеуінше, кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі орталық музей қорында сақталған. Бұдан бөлек, бәріміз біле бермейтін сан алуан түрі бар. Солардың бірнешеуіне жіті тоқтала кетейін.
Ақкерім – дәстүрлі кимешек түрі. Оның жөрмелі кестелі жағы – түпнұсқа, ал қалған бөлігі кейін қосып тігілген жаңғыртпа.
Айымене – Әнімай. Аянмен келген бірінші кимешек. Қиғаш қиылған, күмбез күндігі “шаңырақ”, “уық”, “керегемен” көмкеріліп керіліп түседі.
Аруана – төбесінде “Ханшатыры” деп аталатын сәлдесі бар кимешек. Бұл баласы емізулі келіншектерге таптырмас киім. Күндіктің қатарластырыла дестелденген желбірі бөлек қиылып, жиектеліп қосымша тігіледі
Ай-қаған – айнала шілтермен жиектелетін, ойма пішімді кимешек. Негізінде, шылауышқа тағылған шекелігі тәті маңдайына тізбектелетін үзбемоншақпен айшықталатын тұсынан бөлек қиылады да, білтеленген тігіспен жалғастырылады.
Айтоты – қанатты сәукеленің үшкіл төбесімен маңдай әшекейі – алмалы-салмалы көз тартарлық әшекей. Сәукеленің үшкіл төбесінен артқы желек жиырылып бүгілген жерден көзтанамен бекітіледі.
Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Әз Жәнібек пен Асан қайғы, Жиренше шешеннің тұсында өмір сүрген ұлы бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Киім пірі кимешек» деген анықтама берген баскиім бүгінгі күні де өз құндылығын жойған жоқ деп санаймыз. Дуалы ауыздан шыққан жалғыз ауыз сөздің астарында әйел-анаға деген ұлан-ғайыр құрмет бар.
P.S: Менің түйгенім, кимешектің келешегі – отандық дизайнерлердің қолында. Ұлттық киімімізді ұлықтайтын осындай көрмелер республикалық деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінде жалғасын тапса, ұлттық болмысымыздың жаңғырары сөзсіз. Көрме келушілер үшін 16 қаңтарға дейін ашық болады.
Бейбарыс Сакенұлы, журналист
Кимешек туралы мәліметтер ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының дереккөздерінен алынды.