Екібастұзда балалардың заманауи шығармашылық орталығы ашылды
Екібастұздағы «Самғау» орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған және мұнда ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін барлық жағдай қарастырылған. Аумағы 7 мың шаршы метрден асатын кешен толығымен демеушілер бөлген қаржыға тұрғызылды.
Орталықтың құрылысы 2023 жылдың қазанында басталған болатын. Қазір жұмыстар толық аяқталды. Үш қабатты ғимаратта дәрістер 12 бағытта жүргізілмек. Атап айтқанда жеткіншектер – IT, музыка, бейнелеу өнері, робототехника, ландшафтты дизайн салаларында білім алады. Мұнда дыбыс жазу студиясы, телестудия мен фотоакадемиядан тұратын толыққанды медиаорталық құрылған. Балалар бимен айналысып, театр шеберханаларында тәлім алады, керамикамен жұмыс істеп, арнайы жасалған «жасыл зертханада» өсімдіктердің күтімімен айналысады.
Ғимараттың бірінші қабатында репетиция залы мен 275 орындық үлкен көрермен залы бар. Бұдан бөлек, орталықта психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті мен тренажер залы, үстел теннисі мен емдік денешынықтыру аумағы қарастырылған.
Ғимарат құрылысы толығымен демеушілердің есебінен жүзеге асырылды. Бұл тау-кен өндірісімен айналысатын қос ірі компания. Олардың бірі жобаны жүзеге асыру үшін 4,6 миллиард теңге бөлген KAZ Minerals Тобы.
Дереккөз: inform.kz