Биыл бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бөлінді — Үкімет
2024 жылғы маңызды қадамдардың бірі базалық және ортақ зейнетақыларды, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақыларды индекстеумен байланысты әлеуметтік төлемдерді арттыру болды. Бұл туралы ҚР Үкіметі мәлім етті.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және еңбек саласындағы әділеттілікті қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдай отырып, жұмысты жалғастырды.
Соның шеңберінде әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, еңбек құқығын қорғау және мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инклюзияны қамтамасыз ету бағытында маңызды қадамдар жасалды. Министрліктің биылғы қызметі цифрландыруға және барлық процестің ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн, бұл халық үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жинақтарын арттыру
Биыл инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, төлем мөлшері ұлғайтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарғысы — 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін өсті, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері — ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100%-дан 105%-ға дейін, бұл 45 578 теңгені құрайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де өскелең ұрпақтың болашақ зейнетақылары деңгейін арттыру бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен іске асыру басталды, олар жұмыс істейтін 4,3 млн-нан астам азаматтың шотына аударылды.
2024 жылы зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылды. Жаңа арнайы әлеуметтік төлем енгізіліп, ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 13 мың адамға тағайындалды.
Жалпы, 2024 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бағытталды, бұл еліміздің бюджет шығыстары жалпы көлемінің 22%-ын құрады. Бұл қаражат зейнетақы мен жәрдемақы алатын 4,5 млн азаматқа, оның ішінде 2,4 млн зейнеткер мен 2,1 млн түрлі әлеуметтік төлем алушыларға бөлінді. Нәтижесінде, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі мерзімінде әрі толық көлемде орындалды.
Фото: gov.kz
https://kaz.inform.kz/news/biil-byudzhetten-aleumettk-tolemderge-53-trln-tenge-bolnd-ukmet-0772c4/