Биыл қандай медициналық анықтамалар электронды форматқа көшеді
2025 жылы еліміздің медицина саласында бірқатар реформа мен жаңа өзгерістер жүргізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Жаңа жылдан бастап жеке медициналық кітапшалар беру, есепке алу және жүргізу электронды форматқа көшіріледі. Бұл азаматтарға құжатты бірден бірнеше ұйымға ұсынуға мүмкіндік береді, және олардың уақыты мен қаражатын үнемдейді.
Өзгерістер басқа медициналық құжаттардың берілуіне де әсер етті. Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болу үшін төмендегі анықтамалар қағаз түрінен электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр:
- Еңбекке жарамсыздық парағы;
- 075/у «Медициналық анықтама»;
- 026/у «ДКК қорытындысы»;
- 073/у «ТҚ басқаруға рұқсат беру туралы анықтама»;
- 069/у «Санаторий-курорттық карта»;
- 052-2/у «Бала денсаулығы паспорты»
- 076/у «Қаруға рұқсат алу»;
- 038/у «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама».
Қазір ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Құжаттар үшінші қолға азаматтардың келісімімен ғана «eGov mobile» қосымшасындағы «еDensaulyq» бөлімінде қолжетімді.
Сонымен қатар жаңа жылдан бастап балаға екпе салуға рұқсат беру немесе бас тарту да электронды түрде тіркеледі. Егер екпе салынған пациент вакцинадан кейінгі асқынуларға шағымданған жағдайда ғана әрекет алгоритмі өзгереді. Медицина тілінде мұны иммунизациядан кейінгі жағымсыз әсерлер деп атайды. Дәрігер дереу көмек көрсетуге, электронды хабарлама ресімдеп, оны мемлекеттік органдарға тапсыруға міндетті болады.
Дереккөз: baq.kz