«Қазпошта» әлемдегі ең үздік 50 пошта операторының қатарына енді
Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова мәлім етті.
Кездесуде Әсел Жанасова компанияның былтыр атқарған қызметінің нәтижесі, қаржылық жағдайы, сондай-ақ дамудың перспективті бағыттары туралы есеп берді.
Соңғы екі жылда «Қазпошта» таза табыс тауып, бюджетке 45 млрд теңге көлемінде салық және баж алымдарын төлеген.
Сондай-ақ, компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісі бойынша алғаш рет ең үздік 50 пошта операторының қатарына кіргені жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысы компанияның қаржылық жағдайын жақсарту, еліміздің ТМД-ға бағытталған көлік-логистика әлеуетін электронды сауда саласында дамыту және цифрлық шешімдер енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.