Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Әскери музейде қазақстандық партизандарға арналған көрме ашылды

Әскери музейде қазақстандық партизандарға арналған көрме ашылды

Астананың әскери музейінде қазақстандық партизандарға арналған «Еуропада етікпен су кешкендер» атты көрме ашылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады. 


ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің «ХХ ғасыр» залына қойылған материалдар Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан қатысқан партизандарға арналды.  

Экспозицияның салтанатты ашылуына Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Робер Аземанн, «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты.

– Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуы мерекелік күн ғана емес, сіздердің арқаларыңызда бұл Францияның азат болған күні. Елімізді азат етуге көптеген елдер мен халықтар өз үлестерін қосты. Олардың қатарында француз жерінде соғысқан 300-ге жуық қазақ та бар. Атап айтқанда даңқты жауынгерлер Қабыш Омаров пен Қәдем Жұманиязов. Біз елден жырақта соғысып, ерліктен қаза тапқандарды жадымызда сақтауымыз керек, – деп атап өтті Франция елшісі.

Көрмеге партизан жасақтары құрамында соғысқан қазақ жауынгерлерінің жеке заттары, құжаттары мен фотосуреттері қойылған. Жәдігерлер қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы американдық радио таратқышы, трофейлік далалық телефон және телеграф кілті бар. Одан өзге бірінші кеңестік партизандық полк құрамында Францияның оңтүстігін азат ету үшін шайқастарға қатысқан Әбибулла Қойшыбаевтың куәлігінің көшірмесі және «Defence de la France» газетінен үзінді сақталған.  

Стендтердің бірінде партизан қозғалысы ардагерлерінің естеліктері жарияланған «Франция ормандарында», «Француз командирінің қарсы іс-қимылы», «Парижде түсіме ылғи дала кіретін»  деген тақырыптарда қазақстандық баспа басылымдарының беттерін көруге болады.

Биыл Қазақстан 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл күннің маңыздылығы туралы Ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз» деді.

Көрмеге келушілер фашизмге қарсы жорықтардың қаншалықты ауқымды болғанын және оған қатысқан қазақстандықтар жайлы көбірек біле алады.