Мемлекет басшысы Мажарстанның Сыртқы істер министрі Петер Сийяртоны қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті.
Мемлекет басшысы дипломатқа ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі саяси диалогтың дәйекті дамып, үкіметаралық ықпалдастықтың белсенді өркендеп келе жатқанына назар аударды.
Президент былтыр Будапешт қаласына жасаған мемлекеттік сапары аясында қол қойылған келісімдердің өз деңгейінде іске асырылып жатқанына көңілі толатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл уағдаластықтарды жүзеге асыру жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге ықпал етеді. Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға ыстық ықыласын жолдады.