Пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне жаңа талаптар қойылады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
— Өкінішке қарай, үкімет 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау мақсатына жете алмады. Мұның объективті және субъективті себептері бар. Мемлекет басшысы 2023 жылы сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында реформаға шынайы баға беру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, жіберілген қателіктер мен істердің нақты жағдайын ескере отырып, депутаттық корпусқа кондоминиумдарды басқарудың құқықтық негізін қайта қарау тапсырылды. Бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін дайындалды, — деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева заң жобасын таныстыра тұрып.
Халық қалаулысының айтуынша, жаңа заң жобасы екі негізгі мәселені шешеді.
— реформа жүргізілген 6 жыл ішінде институт ретінде жойылмаған пәтер иелері кооперативтері қызметінің ашықтығына қойылатын талаптарды енгізу;
— тұрғындардың кондоминиумды басқару нысандары мен шарттарын таңдауы үшін барынша еркін құқықтық орта құру.
Ол үшін заң жобасында кондоминиумды басқарудың екі түрі енгізілген:
• мүлік иелерін біріктіру;
• тікелей бірлескен басқару.
— Пәтер иелері кооперативтерінің басқару субъектісі ретіндегі қызметіне жаңа талаптар қойылады. Атап айтқанда, субъектіні қайта тіркеу тәртібі, құқық белгілейтін құжаттарды беру тәртібі, сол сияқты жұмыстың ашықтығына қойылатын талаптар бар. Сол сияқты меншік иелері бірлестігі төрағасының өкілеттік мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұлғаяды, меншік иелерінің бірлестігіне үйді басқару жөніндегі қызметті өз еркімен жүргізуге құқық беріледі және құрылыс салушының бірінші пәтерді сатқаннан кейін кондоминиумды тіркеу міндеттемесі көзделеді, — дейді Е. Смышляева.
Заң жобасымен әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі:
— бірінші, тұрғындарға есеп бермегені үшін;
— екінші, үйге қажетті құжаттарды ұсынудан бас тартқаны үшін.
— Ұсынылған өзгерістер көп пәтерлі тұрғын үй тұрғындарының құқығын қорғауға бағытталған.
— Тек қана олардың ортақ шешімімен тиісті басқару нысаны қабылданады, басқарушы компания таңдалады және тариф бекітіледі. Аталған талаптар заң жобасында басқарудың барлық нысандарына көзделген, — деп толықтырды Мәжіліс депутаты.
Фото: inform.kz