ЕуроОдақ Қазақстанмен арадағы виза беруді жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісін бастады

ЕуроОдақ Қазақстанмен арадағы виза беруді жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісін бастады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті. Кездесуде Қазақстанның Еуропа Одағымен санқырлы ықпалдастығының перспективасы талқыланды.
Кая Калластың айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағымен серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойған аймақтағы алғашқы елдердің бірі. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ол Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар аталған жаңалықты өте жылы қабылдағанын атап өтіп, бұл қадам еуропалық елдермен жеке және іскерлік қатынастарды нығайтуға мол мүмкіндік беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кая Каллас халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде пікір алмасты.
Фото: Ақорда