Қазақстан мен Словения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Мемлекет басшысы словен делегациясына құрмет көрсетіп, Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Словениямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейіл екенін растады.
– Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана көптеген тақырыпты, оның ішінде халықаралық ахуалға байланысты кейбір нәзік мәселелерді талқылаған аса мазмұнды кездесу өткіздік. Біз екіжақты ықпалдастықты дамытуға ниетті екенімізді қуаттадық. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретін бағыттарды атап өтіп, Қазақстанда Словения бизнесіне қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы Астанада өтетін Қазақстан-Словения бизнес-форумына ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын екі елдің сауда-инвестициялық байланысын одан әрі кеңейтетініне тоқталды.