Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Астанадағы турнирде қазақстандық балуандар тоғыз медаль алды

Астанадағы турнирде қазақстандық балуандар тоғыз медаль алды

Астанада өткен дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде қазақстандық балуандар тоғыз медаль еншіледі. 

Үш күнге созылған айтулы жарыста ел құрамасы қоржынына 3 күміс және 6 қола медаль түсті. Нәтижесінде медальдар кестесінде олар тоғызыншы орынға тұрақтады.

Халықаралық турнирде ел құрамасынан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары), Талғат Орынбасар (60 келі) екінші орынға табан тіресе, Мағжан Шамшадин (60 келі), Аман Бақытжан (60 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Есет Қуанов (73 келі), Бақжан Байтас (100 келі), Марат Байқамұров (100 келі) қола жүлдегер атанды.

Медальдық есепте IJF құрамасы 3 алтын, 2 күміспен көш бастады. Одан кейінгі орындарға Оңтүстік Корея (3 алтын), Жапония (2 алтын, 4 күміс, 1 қола) жайғасты. 

Халықаралық турнирге әлемнің 44 елінен 358 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншілігінің жеңімпаздары бар.

Аталған жарыс нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін — 1 мың, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль алғанға 500 ұпай есептеледі.

Еске салсақ, биыл Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы елімізде үшінші рет өтті. Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.


Фото: inform.kz