Президент Түркі мемлекеттері парламенті спикерлерімен кездесті

Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылданғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.
"Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі – түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемлекет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте, мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым", – деді Мемлекет басшысы.